Азия кеңесінің трансформациясы
Бұған дейін жазғанымыздай, Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында Қазақстанның төрағалығымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) Сыртқы істер министрлерінің бейресми жиыны ұйымдастырылды. Жиында Азия кеңесін трансформациялаудың жол картасы мақұлданды. Біле білсек, бұл – ұйымның жаһандық мәртебесін көтеріп, деңгейін арттыратын бірегей қадам.
АӨСШК Бас хатшысы, Елші Қайрат Сарыбайдың айтуынша, бұл жердегі трансформация – Азия кеңесін толыққанды халықаралық өңірлік ұйым ретінде нығайтуға бағытталған кеңейтілген реформалар кешені. Министрлер кеңесі осы бір маңызды құжатты бірауыздан мақұлдады.
– Азия кеңесін трансформациялаудың стратегиялық маңызы зор. Бұл дегеніміз – Азияның жаһандық рөлін күшейту әрі мүше-мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты жаңа биіктерге жетелеу. Қабылданған жол картасы біздің ұйымды біртіндеп құрылымдық тұрғыдан өзгертуге байланысты туындайтын мәселелерді талқылау мен шешім қабылдаудың басты құжаты. Бұл ұйым жарғысын жасау, Азия кеңесі аясында ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын зерделеу, бюджеттік және кадрлық реформаларды жүзеге асыру, сондай-ақ басқа да мәселелерді қамтиды. Азия кеңесі осындай өркенді өзгерістердің нәтижесінде мүше-мемлекеттер арасындағы алдағы ынтымақтастықтың жан-жақты бағыттарын нақтылай түсуге әрі өзара іс-қимылдың ұйымдық және институционалдық базасын нығайтуға ұмтылады, деп нақтылады Қайрат Сарыбай.
Нью-Йоркте қабылданған шешімде Азия кеңесінің аға лауазымды тұлғалар комитетіне берілген трансформациялаудың жол картасының барлық элементін талқылауды одан әрі жалғастырып, Министрлер кеңесі немесе Саммит шешім қабылдауы үшін ұсынымдар беру жөніндегі тапсырма көрініс тапқан. Бас хатшы ретінде Қ.Сарыбайға мүше-мемлекеттердің келіссөздер үдерісін үйлестіру мен ілгерілетуде төрағалыққа қолдау көрсету тапсырылып отыр.
– Министрлер кеңесі тұрақты даму мақсатында еріктілер қозғалысын ілгерілету жөнінде мәлімдеме жасағанын атап өткім келеді. Бұл құжат Азия кеңесіне мүше мемлекеттердің тұрақты әрі жарқын келешекке қол жеткізуіне оң әсерін тигізетін еріктілердің күш-жігерін одан әрі дамытуға әрі жәрдемдесуге деген құлшынысын көрсетеді. Мұны Азия кеңесі аясындағы ынтымақтастықтың мүлдем жаңа бағыты деп атауға болады. Сонымен қатар мұндай бастамалар мәдениетаралық диалогтің дамуына және біздің халықтарымыз арасындағы сенім мен толеранттылықты нығайтуға септігін тигізетіні сөзсіз. Азия кеңесі волонтерлік қозғалыстың бағдарламалары мен жобаларын ілгерілету, олардың жұмысы үшін қолайлы жағдай тудыру, техникалық дағдыларды дамытуды көздейтін тренингтер мен курстарды көбейту арқылы еріктілердің Азияның кемел келешегін қалыптастыруға бағытталған әлеуетін толық пайдалануда маңызды орын алады деген үміттемін, – деді АӨСШК Бас хатшысы.
Сондай-ақ жиында Министрлер кеңесі тағы бір маңызды шешім қабылды. Бұл – Бас хатшының орынбасарын үш жыл мерзімге тағайындау туралы шешім. «Қытай ұсынған Чжан Линг ханым осы лауазымда болған Чи Фан ханымның орнын басады. Екеуі де – Қытай Сыртқы істер министрлігінің тәжірибелі дипломаттары. Жалпы, Қытай – Азия кеңесі үдерісінің ең белсенді жақтаушыларының бірі. Мен мүше мемлекеттердің осы жоғары лауазымда сабақтастықты қамтамасыз еткеніне қуаныштымын», деді Қайрат Сарыбай.
Қысқасы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін трансформациялаудың жол картасында жоба-жоспарлар жүзеге асқанда ұйымның жаһандық рөлі де арта түседі. Құжатта қамтылған реформалар нәтижесінде Азия кеңесі елдерді бейбітшілік, ынтымақтастық, қауіпсіздік, даму жолында біріктіретін ең тиімді алаңға айнала түспек. Тиісінше, оның халықаралық беделі де өсері анық.
egemen.kz