Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауғанстанда Қазақстан құтқарушылары үйінді астынан баланың денесін тапты

Ауғанстанда Қазақстан құтқарушылары үйінді астынан баланың денесін тапты

Ауғанстанда Қазақстан құтқарушылары қираған үйінділердің астынан 5-6 жастағы баланың денесін тауып алып шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ауғанстанда жүрген Қазақстан құтқарушылары жойқын жер сілкінісінің салдарын жою жұмыстарын жалғастырып жатыр. Олар Наиброфи елді мекенінде 211 үй фрагментінің үйіндісін бөлшектеді. «Бір қатармен» әдісі бойынша құтқарушылар 487 учаскені жаяу жүріп өтті. Осы елді мекенде 700 қираған үйдің учаскесі тексерілді.

«Толығымен қираған тұрғын үйдің біреуін бөлшектеу барысында құтқарушылар қайтыс болған 5-6 жастағы баланың денесін тауып алып шықты», делінген ТЖМ хабарламасында.

Қазақстан құтқарушылары ауған тарапының өкілдерімен бірге Наиброфиден 10 км қашықтықта орналасқан Сияхан елді мекенінде толығымен қираған үйлердің астын тексерді. Чолк елді мекенінде де үйінділерді бөлшектеу жұмыстары жүргізілді. Зардап шеккендер табылған жоқ.

Қазақстандық құтқарушылар 80 жергілікті тұрғынға, оның ішінде 11 балаға медициналық көмек көрсетті. Қатты афтершок фактілерінің жиілеуіне және бөлінген учаскедегі жұмыстардың аяқталуына байланысты Қазақстан ТЖМ жасағы Герат қаласына жолға шықты.

Еске салайық, 10 қазанда Қазақстанның 45 құтқарушысы Ауғанстанға көмек көрсету үшін кеткен болатын.
13 қазан 2023 ж. 498 0