Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәскеуде төтенше жағдай жарияланды

Мәскеуде төтенше жағдай жарияланды

Қостанай ауданының Мәскеу ауылдық округінде техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Аудан басшылары ауыл тұрғындарын дер кезінде ауыз сумен қамтамасыз ету мүмкін болмай бара жатқандықтан осындай шұғыл шешім қабылдауды жөн көрген.

Мәскеу ауылдық округіне үш жылдан бері құны 800 млн теңге болатын су құбыры тартылып жатыр. Мердігер келісім-шарт бойынша жобаны өткен шілде айында аяқтауы керек еді. Алайда қаржылық мәселелер туындап, жұмыс тоқтап қалған.

– Шығыс Қазақстан облысы­нан келген мердігер компания өз міндетін уақытында орын­дай алмағандықтан, 10 қазан­нан бастап аталған ауылдық округ көлемінде техногендік сипат­тағы төтенше жағдай жария­лау­ға мәжбүр болып отырмыз. Өйткені тұрғындардың өмір сүру жағдайына нұқсан кел­ді. Құрылыс-монтаж жұмыста­рының жүріп жатқанына үш жылдан асып кетті. Жұмыс орнында 2 адам қарайып жүргені болмаса, мердігер серіктестік биыл мүлде жұмыс жүргізбеді десек те бола­ды, – деді Қостанай ауданының әкімі Берік Таңжарықов.

«Qazconstructions» ЖШС ком­паниясы осы жылға бө­лінген 250 млн теңге қаржының 18 млн-ын ғана игерген. Мұ­ның сыртында, жергілікті тұр­ғындар да өкпе-реніш, ша­ғымдарын айтып, сағыздай созылып кеткен ауыз су мәселесін жедел шешіп беруді талап еткен.

– Мәскеу ауылында 500-ден аса үй түтін түтетіп отыр. Әр аула­да құдық бар. Бірақ қыста бұл құдықтар ортайып кетеді де, кейде, тіпті шелекке су ілінбей қалатын жағдайлар болады. Қазір бұл ауылды тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ете алмай отыр­мыз. Сондықтан Төтенше жағдай жө­ніндегі комиссия осындай қа­дамға барып отыр, – деді әкім.

Қазір су құбырындағы ақау­ды анықтау және оны техника­лық зерттеуден өткізу жұмыстары жүріп жатыр. Бар мәселе конкурс өткізуге келіп тіреліп тұр. Әкімдік мамандары аталған жоба 2018 жылғы болғандықтан, оған жедел түрде тағы бір конкурс жариялау мүмкін емес дейді.

Соған қарамастан тоқтап қал­ған ауыз су құбырының құры­лы­сы қайта жанданатын болды. Жобаны қабылдап алған жаңа мердігер Мәскеуге желтоқсан айында ауыз су жеткізуді жос­парлап отыр.

Қостанай облысы

egemen.kz
20 қазан 2023 ж. 581 0