Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қытайдың бұрынғы премьер-министрі Ли Кэцян қайтыс болды

Қытайдың бұрынғы премьер-министрі Ли Кэцян қайтыс болды

Қытай мемлекеттік телеарнасының хабарлауынша, 68 жастағы Ли Кэцян бейсенбі күні түн ортасында жүрек талмасына ұшырап, «оны құтқару әрекеттерінің бәрі сәтсіз аяқталды». Ол сол кезде Шанхайда болған.

Ли Кэцян 2013 жылы премьер-министр болды және бір кездері Қытай Коммунистік партиясының ықтимал көшбасшысы саналған. Бірақ содан кейін Си Цзиньпин жоғарғы басшы болды. Ли Кэцян осы жылдың басында зейнеткерлікке шыққанға дейін премьер-министр қызметін атқарды.

Премьер-министр ретінде Ли Кэцян мемлекеттік бюрократияны реформалауды және жеке экономикаға араласуды азайтуды жақтады.

Ли Кэцян 2020 жылдың 28 мамырында өткен баспасөз мәслихатында Қытайдағы 600 миллионнан астам адамның орташа айлық табысы 1000 юаньнан (шамамен 65 000 теңге) төмен екенін атап өтті.

Қытайлық желі қолданушылары Weibo сайтына Ли Кэцянның өлімі туралы хабарды ауыр қабылдағаннын жазуда.

«(Ол) әрқашан біздің жүрегімізде болады», - деп пікір қалдырды бір қолданушы.

«Күтпеген хабар болды. Шын жүректен көңіл айтамыз», - деп жазды Global Times Коммунистік партия газетінің бұрынғы бас редакторы Ху Сижин.

Ли Кэцян 1955 жылы шілдеде Қытайдың Аньхой провинциясындағы Диньюань қаласында дүниеге келген. 1974 жылы наурызда еңбек жолын бастап, 1976 жылы мамырда Қытай Коммунистік партиясына кірді.

Пекин университетін бітірген.

Заң ғылымдарының бакалавры және экономика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі бар.

1974 жылдан 1978 жылға дейін Аньхой провинциясында жұмыс істеді.

1982 жылы Қытай Коммунистік Жастар Одағы Орталық Комитетінің мүшесі болды.

1983 жылы Коммунистік Жастар Одағы Орталық Комитеті Хатшылығының орынбасары болды.

1985 жылы Коммунистік Жастар Одағы Орталық Комитеті Хатшылығының хатшысы болды.

1998 жылдан 2004 жылға дейін Қытайдың Хэнань провинциясының провинциялық партия комитетінің хатшысы және губернаторы қызметтерін атқарды.

2005 жылдан 2007 жылға дейін Ляонин провинциясының провинциялық партия комитетінің хатшысы және губернаторы қызметтерін атқарды

2007-2008 жылдары ҚКП ОК Саяси бюросының тұрақты комитетінің мүшесі болды.

2008-2013 жылдары ҚКП ОК саяси бюросының тұрақты комитетінің мүшесі және Қытай премьер-министрінің орынбасары болды.

2013-2023 жылдары ҚКП ОК саяси бюросының тұрақты комитетінің мүшесі және Қытай премьер-министрі болды.

kaz.inform.kz
28 қазан 2023 ж. 1 118 0