Иранмен ынтымақтастық арта түспек
Тегеран қаласында Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 19-шы отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мен Иран ауыл шаруашылығы министрі Мохаммад Али Никбахттың тең төрағалығымен өткен шараға екі ел министрліктері мен мемлекеттік кәсіпорындарының өкілдері қатысты. Үкіметаралық комиссия отырысында тараптар сауда, ауыл шаруашылығы, логистика, энергетика, денсаулық сақтау, білім беру, туризм және басқа да салалардағы мемлекетаралық қатынастардың табысты дамып келе жатқаны айтылды. Алдағы уақытта Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымын үш миллиардтық межеге жеткізу міндеті қойылып отыр.
«Осы тапсырманы орындаудың алғашқы қадамы Өзара тауар айналымын $3 млрд-қа жеткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қою болады. Құжат экспорттаушы кәсіпорындарды бірнеше бағытта қолдауды көздейді: өзара сауда көлемін ұлғайту, сауда-саттықтағы шектеулерді алып тастау, екіжақты клиринг механизмін енгізу», деді С.Жұманғарин.
Иранның ауыл шаруашылығы министрі Мохаммад Али Никбахттың айтуынша, ирандық кәсіпорындар Қазақстанға балық және сүт өнімдері, бал, жемістер мен көкөністер, кептірілген жемістер және басқа да азық-түлік өнімдерін жеткізуді ұйымдастыра алады. Сондай-ақ ирандық тарап Қазақстан инвестициясына қызығушылық танытты. Тегеран Қазақстаннан келген инвесторларға Иранның еркін экономикалық аймақтарында бизнес жүргізу үшін ерекше жағдайлар жасауға дайын. Көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту жайы да талқыланды. С.Жұманғарин Тегеранға жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инвестиция, тау-кен және металлургия өнеркәсібі, өнеркәсіп және көлік салаларындағы жетекші ирандық кәсіпкерлермен кездесті. Жиын соңында екі ел арасындағы тауар айналымын $3 млрд-қа дейін жеткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойды.
Сурет ашықдереккөзден