Иттің етін жеуге тиым салатын заңды мақұлдады
Оңтүстік Кореяның парламенті иттің етін жеуге тиым салатын заң жобасын мақұлдады. 208 депутат қолдап, екеуі қалыс қалған заң бойынша бұл елде иттің етін жеуге шектеу қойылады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Оңтүстік Корея мемлекеті итті жеу үшін асырауға, союға тиым салатын заңды президент Юн Сок Ёльдің бастамасымен талқылауға ұсынған.
Көпшілік қолдаған құжатқа ел президенті қол қойса, заң күшіне енеді.
Заңды бұзғандар үш жылға сотталады немесе 23 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлейді. Ит өсірушілер мен мейрамхана иелеріне үш жыл мерзім беріліп отыр. Олар осы уақыт ішінде бизнесін тоқтатады не болмаса басқа бағытқа өзгертеді.
Аталған елде бүгінде 100-ден аса ит асырайтын ферма бар. Заңға фермерлер өре түрегеліп қарсы шықты, олардың айтар уәжі - иттің етін жеуге тиым салынса, миллионға жуық адам жұмыссыз қалады. Дей тұрғанмен де соңғы жылдары оңтүстіккореялықтар иттің етін жеуден бас тарта бастаған. Әлеуметтік сауалнама қорытындысы да осыған саяды, жылдан-жылға сұраныс төмендеп келеді.
Фото: egemen.kz