Жапонияда зілзаладан соң жағдай ушықты
Жапонияның премьер-министрі Фумио Кисида дүмпуден жапа шеккен аймаққа арнайы барды. Қазір өңірдегі жағдай қиын, деп хабарлайды BAQ.KZ Хабар24-ке сілтеме жасап.
Азық-түлік пен ауызсу тапшылығы өз алдына, инфрақұрылымның түгі қалмаған. Ал ауа райының қолайсыздығы құтқарушылардың жұмысына тұсау болып тұр. Жаңа жылды қуанышпен емес, қорқынышпен қарсы алған жапондықтар үшін Исикава префектурасы өмір сүруге жарамсыз аймаққа айналды. Қазір мұнда тіршілік нәрінің тапшылығы қатты байқалады. Электр желілері істен шығып, мыңдаған үй жарықсыз отыр.
Жанармай жетіспеушілігі жұртты әбден титықтатып жіберген. Жығылғанға жұдырық, тұрмыстың нашарлауы өңірде инфекциялық аурулардың өршуіне әкеп соғуда.
Өңірдегі тұрғын үйлердің шамамен 80%-іне қатты зақым келген. Жапа шеккен кей ғимараттар сыртынан бүтін көрінгенімен, ішіне бас сұға қалсаңыз, түгі қалмағанын байқайсыз. Ертеңгі күніміздің қалай болары беймәлім, - дейді жергілікті тұрғындар.
Соңғы дерекке сәйкес зілзала кезінде опат болғандардың саны 220-ға жетті. Мыңдаған адам жарақат алған, 200-ден астамының жағдайы ауыр. Ізім-ғайым жоғалғандардың саны 200-ге жуықтайды. Қазір бригадалық топ із-түзсіз кеткендерді әлі іздестіріп жатыр. Өңірге сапармен келген премьер-министр Фумио Кисида ең алдымен осы құтқару жұмыстарының қарқынымен танысты. Аймақты қалпына келтіру ісін өз көзімен көріп, тұрғындарға көмек көрсетілетінін тілге тиек етті.
Зілзала кезінде зардап шеккен тұрғындардың бұрынғы өмірін қайтару үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Үкімет бұл мәселені назарға алып, көмек көрсетуге әзір, - деді Жапония премьер-министрі Фумио Кисида.
Мұнан соң Кисида уақытша баспаналарға қоныстанған халықпен кездесті. Қазір 20 мыңдай адам спорт мектептері, қоғамдық мекемелер мен уақытша ғимараттарды паналап жүр. Олардың жартысына жуығы – зейнет жасындағылар.
Тұрғылықты баспаналар дайын болғанша денсаулығы сыр берген кісілер мен зейнет жасындағыларды уақытша қонақ үйлер мен пәтерлерге орналастырамыз. Бұл – аурушаңдылықты төмендетудің ең тиімді тәсілі, - деді Жапония премьер-министрі Фумио Кисида.
Қазір жапа шеккен өңірлерге үздіксіз гуманитарлық көмектер жеткізіліп жатыр. Ал тұрғындарға 32 млн АҚШ доллары көлемінде қаржылай қолдау көрсетіледі.
Фото: baq.kz