Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әзербайжан: Ел дамуының жаңа дәуірі

Әзербайжан: Ел дамуының жаңа дәуірі

Әзербайжан Республикасында 2024 жылғы 7 ақпанда кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Әзербайжан көшбасшысы Ильхам Әлиев мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Әлиевтің қазіргі өкілеттігі 2025 жылы аяқталады, бірақ сайлау осы жылдың ақпан айында өтеді. Бұл шешімнің астарында­ не бар?

2020 жылдың 27 қыркүйегі – 10 қарашасы аралығында, 44 күн­ге созылған Отан соғысынан ке­йін Әзербайжан Республикасы халықаралық құқықтың нормалары мен қағидаттары негізінде өзінің аумақтық тұтастығын қалпына келтірді. Ал өткен жылдың 19 қыр­күйегінде жергілікті сипаттағы анти­террорлық іс-шаралар нәтижесінде қаруланған заңсыз құралымдарды бейтараптандыру мақсатында бұл ел өзінің егемендігі мен конституциялық құрылымын толығымен қалпына келтірді. Терроризмге қарсы операция 23 сағаттың ішінде аяқтал­ды, ол хирургиялық дәлдікпен, ұқыптылықпен жүргізілді, бірде-бір бейбіт тұрғын, бірде-бір азаматтық инфрақұрылым зардап шеккен жоқ. Осылайша, тәуелсіздік алғалы бергі кезеңде тұңғыш рет елдің барлық аумағын қамтитын бүкілхалықтық сайлау өтпек.

Ел көлемінде бүгінде басқын­шылық кезінде толығымен қираған жүздеген қаланы, елді мекенді және ауылдарды қалпына келтіру, инфрақұрылымды құру, дамыту жөніндегі жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Сол орайда бұл сайлаудың ұзақмерзімді жоспарлау, түрлі іргелі жобаларды жүзеге асыру және осы аумақтарды заманауи талаптарға сай қайта жаңғырту тұрғысындағы мән-маңызы айрықша болып отыр.

Бұл дегеніңіз, ашығын айтқанда, жаңа дәуірдің басы. Әзербайжан­ның аумақтық тұтастығын қалпына келтіру аймаққа соны серпін берді, тың бастамаларға, даму келешегіне жол ашты. Сонымен қатар транзиттік-көліктік ынтымақтастықты арттыру, Оңтүстік Кавказ аймағында, оның ішінде шекарадан тыс жерлерде де экономикалық, әлеуметтік және мәдени өркендеу үшін орасан зор мүмкіндіктер пайда болды.

Өкінішке қарай, бейбіт тұрғын­дардың өз үйлеріне оралу жолын­дағы басты кедергі 2020 жылғы 10 қарашадағы үшжақты мәлімдемеге қол қойылғаннан кейін де жалғасқан оккупацияның барлық кезеңінде аумақтардың миналанып тасталуы болып отыр.

Қазіргі таңда күн тәртібінде тұрған негізгі мәселе – аймақтағы барлық елдердің ортақ игілігі үшін тұрақ­ты бейбітшілік орнату. Бұл бағыт­та бірқатар бәтуәлі жұмыс: тұрақ­ты кездесулер, тараптардың әртүр­лі деңгейдегі келіссөздері жүйелі жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, қандай да бір ілгерілеушіліктің байқалып отырғаны қуантады. Айталық, 2023 жылғы 7 желтоқсанда Әзербайжан мен Армения тарихта тұңғыш рет бірлескен мәлім­деме қабылдады, онда олар көр­шілес екі ел арасындағы қарым-қаты­нас­тарды қалыпқа келтіруге және егемендік және аумақтық тұтастық қағидаларына негізделген бейбіт келісімге келу ниетін тағы бір рет растады. Гуманизм қағидаларын басшылыққа ала отырып, ізгі ниеттің белгісі ретінде тұтқындармен алмасу шарасы да ойдағыдай өтті. Тегінде, аумақтық тұтастық пен егемендікті өзара тану қағидаларына негізделген бейбіт келісім жасасудан барлық тараптар ұтады.

Әзербайжанның экономикалық әлеуеті бір ырғақпен, бір деммен қалыпты өсіп келеді. Бұл бағыт­тағы барлық сала бойынша өрлеу бар. Көлік-логистика және инфра­құрылымды дамыту дұрыс жолға қойылған. Экономикасы мен өнді­рісі қарыштап алға басқан, қазба бай­лықтары, шикізат өнімдеріне бай, ішкі-сыртқы тауар айналымы қарқынды, жыл санап артып келе жатқан мемлекет ретінде түрлі ірі өңірлік жобаларға да тұрақты қатысады.

Айталық, 2022 жылы 25 қарашада Ақтау қаласында Қазақстан, Әзер­байжан, Түркия арасында «Орта дәлізді» дамыту жөніндегі 2022-2027 жылдарға арналған жол картасына қол қойылды. Жобаны іске асыру Транскаспий дәлізінің өткізу қабілетін 2025 жылға қарай 10 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

2023 жылғы маусым айында Үкімет басшысы Әлихан Сма­йыловтың Әзербайжанға сапары кезінде «Қазақтелеком» мен «AzerTelecom» Каспий түбінде Транскаспий талшықты-оптикалық кабель желісін салу мен пайдалануға жауапты бірлескен кәсіпорын құру туралы акционерлердің келісімі­не қол қойған еді. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы Каспий теңізінің түбінде талшықты-опти­калық магистраль салу жобасы трансұлттық «Цифрлық Жібек жолының» негізгі құрамдас бөлігі, түпкі мақсаты – Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдерінде интернет сапасын арттыру. Қазақстан мен Әзербайжанды жалғайтын теңіз түбіндегі кабельдік желінің ұзындығы 380 км құрайды, ал жаңа магистральдың өткізу қабілеті 400 терабит/с дейін жетпекші.

Әзербайжанның Еуропа­ның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі де зор. Еуропа Комиссиясы қуат көздері бойынша өзара ынтымақтасу туралы Әзербайжанмен келісімге келді. Өзара түсіністік туралы Ме­мо­рандумның іске асуы Әзер­бай­жанның Еуропа Одағының нарығы бағытындағы жолын ашады және Еуродақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайтады.

Елде халықаралық іс-шаралар­ды өткізуде мол тәжірибе жинақтал­ған. Айта кетейік, бұл ел 120 елді біріктіретін, БҰҰ-дан кейінгі ең ірі ұйым болып табылатын Қосыл­мау Қозғалысына 4 жыл төрағалық етті. 2024 жылы Әзербайжанда аса ауқым­ды жаһандық оқиғалар – БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы (COP-29) Тараптар конференциясының 29-сессиясы, сондай-ақ Урбанистика­лық форум өтеді. Мұның бәрі елдің халықаралық, әлемдік кеңістіктегі беделінің жыл санап артып келе жатқанын көрсетеді.

Әзербайжан мен Қазақстан – бауырлас елдер, одақтастар және стратегиялық серіктестер. Екіжақты қарым-қатынастар барлық салада жан-жақты, қарқынды дамып келеді. Өзара тиімді сауда-саттық, тауар айналымы дұрыс жолға қойылған. Көлік тасымалының оң динамикасы байқалады.

Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ағалар Атамоғланов арнайы қабылдау барысында 2022 жылы тауар айналымы 4 есеге артып, 600 млн долларға жеткенін атап өтті. Энергетика саласындағы ынтымақтастық та кеңейіп келеді. 2023 жылы «Баку – Тбилиси – Джейхан» мұнай құбыры бағытында қазақстандық мұнай экспортының көлемі 1 миллион 392 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,5 есеге көп.

Екі ел президенттерінің өзара мемлекеттік сапарлары бұл үде­рістерге қуатты серпін берді. Қазақ­стан Президенті 2022 жылғы 24 тамызда Әзербайжанда, Әзербайжан Президенті 2023 жылғы 10 сәуірде Қазақстанда жұмыс сапарымен болды. Сапар барысында стратегиялық қатынастарды нығайту және одақ­тастық ынтымақтастықты тереңдету туралы Декларация, Жоғары мем­лекетаралық кеңес құру сынды бір­қатар маңызды құжаттар қабыл­данды. Сөйтіп, бұрыннан байыпты, тығыз қарым-қатынастар сапалы жаңа деңгейге көтерілді. Мұның барлығы екі ел арасындағы қарым-қатынастардың биік рухы мен сындарлы сипатын айғақтайды.

Мемлекет басшылары халықара­лық іс-шаралар алаңында да жиі кездесіп тұрады. 2023 жылғы 3 қарашада Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысу үшін Қазақстанға келді. Саммитте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанды мемлекеттіліктің ны­ғаюы және аумақтық тұтастығын қал­пына келтіруімен құттықтады. Әзер­байжан тарабы бұл тілектестікке үлкен мән беріп, жоғары бағалады, ілтипатпен қабылдады. Ал Қазақстан Президенті 2023 жылғы 24 қарашада Бакуде өткен SPECA (БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған арнайы бағдарламасы) саммитіне қатысты. Саммит аясында Президенттер арасында екіжақты кездесу өтті, өзара қарым-қаты­настарды одан әрі дамыту перспективаларына қатысты өте мазмұнды пікір алмасулар болды.

«Түркітілдес халықтар ретінде біз этникалық, тілдік және мәдени құндылықтар тұрғысынан өте жақынбыз. Ортақ тамырымыз, әдет-ғұрпымыз, салт-дәстүріміз – мұның бәрі екі халықтың одан әрі жақындай түсуіне жақсы алаң тудырып отыр. Елдеріміздің стратегиялық тиімді географиялық орналасуының да маңызы зор. Әзербайжан Респуб­лика­сының аумақтық тұтастығын қалпы­на келтіру біздің қарым-қатынас­тарымыздың дамуына, сондай-ақ біздің елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңде­туге және кеңейтуге одан да үлкен мүмкіндіктер туғыза­ты­ны­на сенімдімін», дейді елші А.Атамоғланов.

Әзербайжанның атыс-шабыс, дау-жанжалдан арылып, бейбіт өмір, тыныш тіршілік орнаған аумағын қайта түлету жұмыстарына қатысу, үлес қосуды еліміз тату көр­шілік, бауырластық парызымыз деп біледі. Айталық, Қазақстан Пре­зи­дентінің бастамасымен, азат етілген Физули қаласындағы Құр­манғазы атындағы балалар шығармашылығын дамыту орта­лығының құрылысы бүгінде Қазақ­стан құрылыс компаниясының күші­мен жүргізіліп жатыр және ол аяқ­талуға жақын. Бұл да болса екі халық арасындағы достық пен туысқан­дықтың тағы бір тағылымды көрінісі.

Бауырлас халықтар арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыс­тарды нығайтуға, жоғары деңгей­де дамытуға ертеден ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл cала аса маңыз­ды бағыттардың бірі са­нала­ды. 2023 жылдың желтоқ­сан айында Әзербайжанда Қазақ­станның мәдениет күндері сәтті өтті. Әзер­бай­жан жұртшылығы қазақ­стан­дық өнер шеберлерінің мәдени бағдарламаларын үлкен қызығу­шы­лықпен қабылдады. Ал 2024 жылы Қазақстанда Әзербайжанның мәдениет күндері ұйымдастырылады. Әзербайжанның Қазақстандағы мәдениет күндері де үлкен табыспен өтеді деуге толық сенім бар.

Сайлау нәтижелері Әзербай­жанның стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге, елдің одан әрі гүлденуі­не және аймақтық ынтымақтас­тықтың кеңеюіне ықпал етеді.

Ақпарат көзі: egemen.kz
Фото: ашық дереккөз 
03 ақпан 2024 ж. 563 0