Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Италияда Наурыз мейрамы тойланды

Италияда Наурыз мейрамы тойланды

Қазақстанның Италиядағы Елшілігінде Наурыз мейрамын атап өтуге байланысты мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оған Италияда тұратын және жұмыс істейтін қазақстандық азаматтар, итальяндық жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттер, Италиядағы қазақстандық жастар қауымдастығының мүшелері және Елшілік дипломаттары қатысты.

Студенттерді Наурыз мейрамымен құттықтаған Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев биылдан бастап Наурыз мейрамы жаңа форматта тойланып жатқанын атап өтті. Енді Наурыз мерекесі жыл сайын наурыздың 14-і мен 23-і аралығында тойланып, «Наурызнама» деп аталмақ.

    Наурыз – бағзы замандардан тойланып келе жатқан береке-бірліктің, ізгіліктің, келісімнің символы, жаңару мен жаңғыру мерекесі. Халқымыз жыл басы әз-Наурызды ерекше тойлаған: бұлақтардың көздерін ашып, жасыл желек отырғызған, наурыз көже жасап, көрісіп, қауышып, қашанда ізгі ниетпен, үкілі үмітпен қарсы алған, - деді Е.Сембаев.

Елші Наурыз мейрамы жаңа формат бойынша Көрісу күні, Қайырымдылық, Ұлттық дәстүр, Шаңырақ, Ұлттық киім, Жаңару, Ұлттық спорт, Ынтымақ, Жыл басы және Тазалық күндері болып аталып өтетінін жеткізді. Мұндай формат төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрлерін қалыптастыруға, ашықтықты, шынайылықты, жауаптылықты, қайырымдылықты ілгерілетуге бағытталған.

Іс-шара бағдарламасы студенттердің орындауындағы қазақтың ұлттық ән-күйлерімен, ұйымдастырушыларға алғыс хаттар табыстаумен, түрлі байқаулар өткізумен жалғасты. Елшілік студенттерге арнап қазақтың ұлттық тағамдарынан мерекелік дастархан ұйымдастырды.
Фото: ашық дереккөз  
24 наурыз 2024 ж. 496 0