Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ресейден келген тасқын су Қамыс-Самар көлдеріне жіберілді

Ресейден келген тасқын су Қамыс-Самар көлдеріне жіберілді

Ресейден келген тасқын суының 80 млн текше метрі Батыс Қазақстан облысының Қамыс-Самар көлдеріне жіберілді. Аталған көлдерге соңғы 20 жылдан бері су бармаған екен, деп хабарлайды Egemen.kz.

Су ресурстары және ирригация министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша тасқын суын көлдер жүйесіне жіберу жұмысын жергілікті «Қазсушар» филиалының мамандары жүргізіп жатыр. Қамыс-Самар көлдері киіктер мен басқа да жануарлардың көшу жолындағы табиғи суат көзі болып табылады.

Аталған облыста судың негізгі көзі – Жайық өзені. Бұл өзен арқылы келген тасқын суы ведомствоның «Қазсушар» мекемесіне тиесілі Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесінде жиналады.

«Сонымен қатар «Қазсушар» мамандары соңғы жылдары кеуіп қалған Еділсор, Жалтыркөл, Бірқазан, Соркөл, Салтанат және басқа да су айдындарына су жібере бастады. Сондай-ақ Балқаш көліне, Каспий теңізіне су жіберу жұмысы жалғасып жатыр», деді министрліктің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.

Фото: egemen.kz
16 мамыр 2024 ж. 643 0