Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ереванда сайлау учаскесі өз жұмысын бастады

Ереванда сайлау учаскесі өз жұмысын бастады

Жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де Қазақстанның Армениядағы елшілігінің ғимаратында орналасқан №407 сайлау учаскесі референдумда дауыс беру үшін есігін айқара ашты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 
Учаске жұмысы салтанатты жағдайда Қазақстанның әнұранының орындалуымен басталды. Ашылу салтанатынан кейін учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері жұмысқа кірісті.
№407 сайлау учаскесінде сайлаушылар арасында Арменияда уақытша тұратын Қазақстан азаматтары, жергілікті жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақстандықтар, сондай-ақ Мхитар Гераци атындағы Ереван мемлекеттік медицина университетінде боқып жүрген ҚР Қорғаныс министрлігінің курсанттары бар. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Әлихан Ахметовтың айтуынша, сайлау учаскесінде барлығы 54 Қазақстан азаматы тіркелген. 
Сайлау учаскесінде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Учаске жабылғаннан кейін сайлау комиссиясының мүшелері дауыстарды санауға кіріседі.
Еске салайық, бүгін қазақстандықтар атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдумда дауыс береді. 
Республикалық референдум бюллетенінде бір ғана сауал болады: Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе? Дауыс беруші жауаптың екі нұсқасының бірін таңдайды: «Иә, келісемін» немесе, «Жоқ, келіспеймін».
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин АЭС салуға қатысы референдумда елордадағы №164 дауыс беру учаскесінде өз таңдауын жасады. 
Премьер-министр Олжас Бектенов Астана қаласындағы Оқушылар сарайында орналасқан №61 учаскеге келіп дауыс берді
Осыған дейін Алматы әкімі Ерболат Досаевтың жұбайымен бірге дауыс беру орнына келгені туралы жазған едік. 
Өздерінің конституциялық құқығын Корея Республикасындағы Қазақстан азаматтары алғашқылардың бірі болып жүзеге асырды. 
Сондай-ақ, Бейжіңдегі Қазақстан Республикасының Елшілігі мен Шанхай және Гонконгтағы Қазақстанның бас консулдықтарында Атом электр стансасын (АЭС) салу жөніндегі республикалық референдумға дауыс беру пункттері ашылды. 
Өзбекстан астанасында орналасқан Қазақстан елшілігінің жанындағы референдум учаскесі жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де өз жұмысын бастады
06 қазан 2024 ж. 119 0