Молдовада президентті сайлау мен ЕО-ға қатысты референдум өтіп жатыр

Жергілікті заңнамаға сәйкес, егер сайлаушылардың қатысу деңгейі 33,3 пайыздан асса, президентті сайлау өтті деп танылады. Референдум өткізу үшін де осындай көрсеткіштер қажет.
Таңертең Молдова аумағында 2,2 мыңнан астам сайлау учаскесі, сондай-ақ шетелде 234-і жұмысын бастады.
Заңға сәйкес егер бірінші турда үміткерлердің ешқайсысы сайлаушылардың жартысынан көбінің қолдауына ие бола алмаса, онда екі аптадан кейін ең көп дауыс жинаған екі кандидат арасында екінші тур өтуі тиіс. Бұл ретте сайлаудың екінші кезеңі 3 қарашада өтуі мүмкін.
Мемлекет басшысы лауазымына 11 кандидат тартысқа түсіп жатыр, олардың арасында қазіргі президент Майя Санду да бар.
Сонымен қатар, референдум аясында республика тұрғындары «Сіз Молдова Республикасының Еуропа одағына кіруі үшін конституцияны өзгертуді қолдайсыз ба?» деген сұраққа жауап беруі керек.
Еске салсақ, 2022 жылы Украина мен Молдова Еуропа одағына мүшелікке үміткер елдер мәртебесін алды.
Сурет: ашық дереккөзден