Грузия Еуропалық Одаққа кіру туралы келіссөздерді кейінге қалдырды

Грузия қалаларында наразылық шерулері басталды
Тбилисиде, 28 қараша күні кешке Грузия парламенті ғимаратының алдында оппозиция жақтастары наразылық шеруіне шықты. Олар премьер-министр Иракли Кобахидзенің Еуропалық Одақпен қарым-қатынасқа қатысты мәлімдемелеріне қарсылық білдірген.
Сонымен қатар Батуми мен Кутаисиде де наразылықтар басталғаны хабарланды. Акцияға қатысушылар "Грузияның еуропалық болашағынан бас тартуына" жол бере алмайтындарын айтады.
Тбилисиде ішкі істер министрлігінің арнайы жасақтары жұмылдырылды. Акция Грузия парламентінің жанында өтіп жатыр. Бұған дейін полиция шерушілерді тарауға шақырған. Шерушілер полицияға түрлі заттарды лақтырып, балағаттай бастаған соң жағдай ушыға түсті.
Тбилисидегі Руставели даңғылында өткен наразылық шеруінде 43 адам ұсталған.
"32 полиция қызметкері зардап шекті, олардың кейбіреулері басынан, көздерінен және дененің басқа бөліктерінен ауыр жарақат алды, оның ішінде 13 полиция қызметкеріне хирургиялық көмек көрсетілді", – делінген хабарламада.
Олар ішкі істер министрлігі шерушілерге заңсыз әрекеттерге бармауды бірнеше рет ескерткенімен, полицейлердің нұсқауын орындамағанын атап өтті.
Грузия президенті биліктегі партияны конституциялық төңкеріс жасады деп айыптады
Грузия президенті Саломе Зурабишвили биліктегі "Грузин арманы" партиясының Еуропалық Одаққа қосылу туралы келіссөздерді тоқтату шешімін "қазіргі билік бірнеше ай бұрын бастаған конституциялық төңкеріске нүкте қойды" деп бағалады.
"Бүгін мен Еуропалық Одақ елдерінің елшілерімен кездесіп, оларға қазіргі басшылықтың ақыры Еуропадан алыстап, Ресейге бет алғанын айттым. Бүгін ел басшылығы өз халқына, өткеніне және болашағына соғыс ашты. Мен елшілерден Грузияда жаңа сайлау өткізу үшін қажеттінің барлығын жасауды сұрадым", – деді Зурабишвили.
Оның айтуынша, ол оппозициялық партиялардың жетекшілерімен де кездесіп, оларды "еуропалық құндылықтар үшін күресте" бірлікке шақырған.
"Бүгін мен осы елдегі әлемдік көшбасшылармен сөйлесуге мүмкіндігі бар жалғыз заңды институттың өкілімін", – деді Зурабишвили.
stan.kz