Түркияда сириялық босқындарды еліне қайтарудың жол картасы әзірленді
Түркия 1 қаңтардан бастап Сирияға оралғысы келетіндерге мүмкіндік беру үшін «Басты босқын» бағдарламасын іске қоспақ. Ол бойынша әр отбасыдан бір адамға 6 айда 3 рет елге кіріп-шығуға рұқсат етіледі. Сириядан оралу процесінің қауіпсіз, тұрақты және тәртіппен жүзеге асуы үшін 6 шекара бекетінің екеуі толықтай босқындарға қызмет көрсетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жол картасы еліне оралғысы келетін сириялық босқындардың жеке заттары мен көліктерінен бастап, ақша активтері мен бағалы зергерлік бұйымдарға дейінгі әртүрлі мүліктерін шекарадан өткізу процесін жеңілдетеді. Декларация талап етілмейді. Түркияда сатып алынған көліктер тіркеуден шыққандығы жөнінде нотариус берген құжатпен жүре алады.
Сириялықтардың атында 200 мыңнан астам автокөлік бар.
Біз қысқа мерзімге немесе тұрақты түрде оралғысы келетін сириялық босқындарға еліміздегі барлық қажетті жағдайды қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ белгілі бір уақыт аралығында кіруге және шығуға рұқсат береміз. Жазға қарай мектептерде демалыс кезінде шекара қақпаларындағы адам нөпірі артады. Бұған қатысты сақтық шараларын жасап жатырмыз. Біз оралғысы келетіндерге көмектесеміз. Бірақ ешкімді күштемейміз. Түркияның экономикалық, академиялық, ғылыми және коммерциялық өміріне үлес қосқан бауырларымыздың арасында қалғысы келетіндерге есігімізді жаппаймыз, - дейді Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған.
Туған жерлеріне оралғысы келетін сириялықтар үшін брикет үйлер салынады. Босқындарды қайтару екі кезеңнен тұрады. «Бұл процесс қауіпсіз әрі ерікті түрде жүзеге асырылады», – дейді елдің Қорғаныс министрі.
Түркия сириялықтарды қайтару үшін екі кезеңнен тұратын жоспарды іске қосты. Бірінші кезеңде Идлиб төңірегіндегі лагерьлердегі сириялықтарды қайтару ұйымдастырылады. Одан кейін Түркияда тұратын сириялық азаматтарды қайтару жұмыстары жүргізіледі. Осы тұрғыда Түркияда тұратын сириялық босқындардың қауіпсіз және ерікті түрде елдеріне оралуына байланысты ілгерілеушіліктің болғаны және жалғасып жатқаны байқалады, - деді Түркия қорғаныс министрі Яшар Гүлер.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Түркияда 2 млн 920 мың уақытша қорғау мәртебесі берілген сириялық өмір сүреді. Оның 30% Анадолы жерінде дүниеге келген. Қазіргі таңда 820 мыңға жуық сириялық орта мектептерде оқып жүр. Ал түрік университеттерінде білім алушылардың саны 60 мыңнан астам.
15 күннің ішінде Сирияға өз еркімен жіберілген сириялықтардың саны 25 мыңнан асты. Екі аптада 23 440 болды. Салыстыратын болсақ, 8-ші желтоқсанға дейінгі 14 күн ішінде Сирияға оралған отбасылар саны 572. 3433 адам болған. «Сирия азат етілді, Асад қашты» деген хабардан кейін өз еріктерімен 4136 отбасы, 23 440 адам екі аптада, кешегі күнді қосқанда 25 мыңнан астам адам туған жерлеріне оралды. Бұл көрсеткіш 7 есе өскенін көреміз, - деді Түркия ішкі істер министрі Али Йерликая.
БҰҰ көші-қон агенттігінің бағалауынша, осы айдың басында Башар Асад режимі құлағалы бері көршілес елдерден Сирияға 100 мыңға жуық босқын оралған.
Біз 85 мыңға жуық адамның Ливанға белгіленген шекаралық өткелдер арқылы кетіп жатқанын көреміз, - деді Халықаралық көші-қон ұйымының бас директоры Эми Поп.
Бұл шамамен алынған сан. Шекараны бейресми түрде кесіп өтетін адамдар бар, сондықтан олар есепке алынбайды. Агенттік 2025 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында Сирияға шамамен 1 миллион адам оралады деп болжайды. Ал ең көп сириялық босқындарды қабылдайтын Түркия жақында үйлеріне қайтқысы келетін адамдар ағынымен күресу үшін шекаралық өткелдерінің мүмкіндігін кеңейтті.
Сурет: 24.kz