Ресей Украина аумағына газ айдауды тоқтатты
Ресейлік «Газпром» Украина арқылы газ айдауды тоқтатты. Бұл туралы компанияның Telegram-арнасында хабарланды, деп жазады Egemen.kz.
Компания 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 2019 жылғы 30 желтоқсанда «Газпром» мен «Украинаның Нафтогазы» арасындағы көрші елдің аумағы арқылы Ресей газын тасымалдауды ұйымдастыруға қол қойылған келісімнің және екі елдің ГТС операторлары - «Газпром» мен «Украинаның газ тасымалдау жүйесінің операторы» арасындағы өзара іс-қимыл туралы келісімнің қолданылу мерзімі аяқталғанын нақтылады.
«Мәскеу уақытына сәйкес таңғы сағат 8:00-ден бастап ресейлік газды Украина аумағы арқылы тасымалдау үшін жеткізу жүзеге асырылмайды. Украина тарапының осы келісімді ұзартудан бірнеше рет және айқын бас тартуына байланысты «Газпром» Украина аумағы арқылы транзит үшін газ берудің техникалық және заңды мүмкіндігінен айырылды», делінген хабарламада.
«Eadaily» ақпараттық агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, 2024 жылы Газпром осы бағыты бойынша шамамен 15 миллиард текше метр жанармай жеткізді, бұл ЕО-дағы жалпы тұтынудың 4,5 пайызын құрады.
Енді Еуропа елдері үшін ресейлік құбыр газының жалғыз көзі «Түрік ағынынан» отын алатын «Балқан ағыны» болып қала береді. Ол жыл сайын Румынияға, Грекияға, Солтүстік Македонияға, Сербияға, Босния және Герцеговинаға, Венгрияға шамамен 14-15 миллиард текше метр жеткізеді.
Сурет: kz.kursiv.media