Ұлыбританияға ағылған мигранттар нөпірі толастамай тұр
Ұлыбританияға мигранттардың ағылуы толастамай тұр, деп хабарлайды 24kz.
Былтыр заңсыз жолмен 37 мың мигрант барған. Барлығы корольдікке Ла-Манш бұғазы арқылы жеткен. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 25%-ке көп. Дені Отанындағы экономикалық қиындықтар мен қарулы қақтығыстардан қашқан Солтүстік Африка мен Азия азаматтары.
Еуроодақ құрамынан шыққаннан кейін Ұлыбританияда заңсыз көші-қон мәселесі ушығып кетті. Бұған дейін корольдікке заңсыз келген босқындарды Шығыс Африкадағы Руандаға жіберу жобасы қабылданған еді. Бірақ оған қатысты сын көбейіп, бастамадан бас тартуға мәжбүр болған.
Ал былтыр билікке келген премьер-министр Кир Стармер мәселені шешу жоспарын әлі ұсынған жоқ. Десе де, мигранттар нөпірін азайту үшін Одақ мемлекеттерімен және Таяу Шығыс елдерімен ынтымақтастықты нығайтуға сөз берген.
Сурет: kaz.inform.kz