Беларусь халқы көшбасшысын таңдайды
Осы жексенбіде, 26 қаңтарда Беларусь Республикасында кезекті президент сайлауы өтеді. Елдің басты саяси науқанына дәл қазір президенттіктен 5 үміткер қатысып жатыр. Олардың қатарында қазіргі президент Александр Лукашенко да бар. Саяси тартыстың сын сағаты таяған сайын үміткерлердің де бағы мен бабы белгілі бола бастағандай. Әзірге А.Лукашенко өзге кандидаттардан алда келе жатыр.
Беларусь халқы осы бес үміткердің ішінен келешек көшбасшысын таңдауы керек. Олардың сайлауалды бағдарламасы өткен аптада республикалық «Звязда» газетінде жарияланды. Алғашында Мемлекет басшысы лауазымына барлығы жеті үміткер болған. Бірақ былтыр желтоқсанда екеуі өз кандидатураларын алып тастап, жарыс жолынан шықты. Бүгінде қазіргі президент Александр Лукашенко бәсекелестерінің арасында көш бастап тұр. Сондай-ақ Олег Гайдукевич, Анна Канопацкая, Сергей Сыранков, Александр Хижняк та биліктің басты лауазымы жолында бақ сынамақ.
Бұл жолғы сайлау Беларусьтің қазіргі президенті Александр Лукашенконың жетінші саяси бәйгесі болмақ. Ол өзінің сайлауға тағы қатысатынын өткен жылдың ақпан айында-ақ мәлімдеген. Жалпы, Лукашенко 1990 жылы Беларусь жоғарғы кеңесінің халық депутаты болып сайланып, араға төрт жыл салып өткен сайлауда 80,3% дауыспен жеңіске жетіп, алғаш рет ел президенті болды. Қазір ол 70 жаста, 30 жылға жуық ел тізгінін ұстап келеді.
Беларусь Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Лукашенко сайлауға қатысуға мүмкіндік беретін 2,5 миллион қол жинаған. Осының өзі-ақ кімнің бағы басым екенін аңғартса керек.
Жасыратыны жоқ, өңірдегі күрделі геосаяси ахуал, көрші елдегі соғыс Беларусь еліне де оңайға тиіп жатқан жоқ. Тіпті Батыстың санкцияларына көп ілінген елдердің қатарында тұр. Сол себепті де Лукашенконың сайлауалды бағдарламасында негізінен тұрақтылық, қауіпсіздік, әскери әлеует тақырыптарына басымдық беруі түсінікті-ақ. Яғни Лукашенко кездесулердегі сөзінде Украинадағы қарулы қақтығыс жағдайында елде сақталып қалған бейбітшілікке, сондай-ақ экономикалық дамуға жиі тоқталып жүр.
Оның «Уақыт бізді таңдады» деп аталатын сайлауалды бағдарламасында республиканың қазіргі заманғы қарулы күштерін құруды жалғастыратыны, сондай-ақ «сенімді қауіпсіздік кепілдігін қамтамасыз ету үшін» Ресеймен ынтымақтастықты дамыта беретінін атап өткен.
Ал елдегі либералды-демократиялық партияның 47 жастағы көшбасшысы Олег Гайдукевич те алдыңғы сайлауда үміткер болған. Бірақ ол дауыс берер сәтке сәл қалғанда тізгін тартып, Лукашенконың оза шабуына кедергі келтірмейін деген ыңғай танытты. Тіпті қазіргі президентке дауыс беріп, елдің басына төнген сын сағатта нағыз көшбасшыны қолдайық деген емеурін танытты.
Саясаткер өзінің сайлауалды бағдарламасында негізінен парламенттік сайлау реформасын ұсынатынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол Еуроодақпен де, ЕАЭО-мен де арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмейтін салмақты саясат ұстануды ұсынып отыр.
49 жастағы келесі кандидат Анна Канопацкая 2020 жылы да сайлауға түсіп, басым дауыс ала алмаған еді. Ол сол жолғы бағдарламасында Ресеймен одақтас болуға үзілді-кесілді қарсы болған. Ал бұл жолы Ресейге қарата радикалды ешнәрсе айта қоймаса да, ел боламыз десек, мойынды барынша Батысқа бұрған жөн деген мүддені жақтап отыр. Яғни ол жақтастарымен бірге ЕО-мен тығыз қарым-қатынас орнатуды қалайды. Қысқасы, Канопацкая саяси реформалар ретінде елді парламенттік республикаға айналдыруды, «биліктің демократиялық жолмен жүруін», президенттік мерзімді қысқартуды көздейді.
Коммунистердің үкілеген үміті Сергей Сыранков – кандидаттардың ең кенжесі (41 жаста). Ол «неоколониализммен, империализммен және кемсітушілікпен күресу» бағытын насихаттап, көпполярлы, көпқұрылымды әлемдік тәртіпті құруды жақтап жүр. Сондай-ақ ол Қытаймен етене-жақын араласуды жақтайды.
«Еңбек және әділет» республикалық партиясының жетекшісі Александр Хижняк «Беларусь-2030: сабақтастық, тұрақтылық, даму» бағдарламасын ұсынды. Оның халыққа беріп отырған уәдесі – елдегі еңбек қатынастарына әділет орнату.
Айта кетерлік жайт, Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы екіжақты дипломатиялық қатынастар 1992 жылы 16 қыркүйекте орнатылды. Екі мемлекет те ТМД, ҰҚШҰ, Еуразиялық экономикалық одақ және өзге де көптеген іргелі халықаралық ұйымға мүшелік етеді.
Ақпарат көзі: egemen.kz
Сурет: egemen.kz