Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Беларусьте сайлау қалай өтті?

Беларусьте сайлау қалай өтті?

2025 жылғы 26 қаңтарда өткен Беларусь президент сайлауында қазіргі президент Александр Лукашенко 86,82% дауыс жинады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ОСК деректеріне сәйкес, Беларусьтің Либералды-демократиялық партиясының өкілі Олег Гайдукевичке 2,02% дауыс берілді. Беларусь Коммунистік партиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы Сергей Сыранков үшін 3,21% сайлаушы дауыс берсе, жеке кәсіпкер Анна Канопацкая 1,86% дауыс жинады. Республикалық еңбек және әділет партиясының төрағасы Александр Хижняк 1,74% дауысқа ие болды. Ал "бүкіліне қарсы" дауыс бергендер саны 3,60% болды.

Сайлауды 52 елден келген 486 шетелдік (халықаралық) бақылаушы және 44361 ұлттық бақылаушы қадағалады.

Дауыс беру үшін 5325 учаске жұмыс істеді, оның ішінде 207-і ауруханаларда, санаторийлерде, демалыс үйлерінде және уақытша орналасу орындарында, сондай-ақ 12-сі әскери бөлімшелерде ұйымдастырылды.

70 жастағы Александр Лукашенко осымен жетінші мерзімге сайланды. Ол елді 1994 жылдан бері басқарып келе жатыр.

Лукашенко қандай уәде берді?

2025 жылғы президенттік сайлауалды бағдарламасында Александр Лукашенко елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сақтау, жаңа технологияларды енгізу және экономиканы дамыту сияқты басымдықтарды атады.

Қауіпсіздік және қорғаныс

Лукашенко Беларусь геосаяси тұрғыдан үлкен қауіп аймағында тұрғанын атап өтіп, елдің бірлігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күшті мемлекет пен қуатты билік қажет екенін айтты. Беларусьтің әскери саясаты қорғаныс сипатында, бірақ агрессия болған жағдайда елін қорғауға дайын екенін мәлімдеді. Ол қарулы күштерді нығайтуға, жаңа қару-жарақ өндірісін дамытуға және Ресеймен ынтымақтастықты жалғастыруға уәде берді.

Экономика

Жаңа технологиялар мен сандық экономиканы енгізу, бюрократияны азайту, 2030 жылға қарай әкімшілік процестердің 97%-ын электрондық форматқа көшіру жоспарлануда. Лукашенко жоғары технологиялық өндірістер мен аймақтарды теңдей дамытуға басымдық берді.

Президент сыбайлас жемқорлықты жою қажеттігін атап өтті, себебі ол елдің дамуына кедергі келтіреді.

Қоғамдық бірлік: Лукашенко қоғамда диалог орнатуға, әртүрлі топтардың арасында түсіністікке қол жеткізуге және елдің саяси өміріне халықты белсенді тартуға уәде етті.

Сыртқы саясат

Ресей және Қытаймен стратегиялық серіктестікті нығайту, сондай-ақ Батыспен диалогты қалпына келтіру және көршілес елдермен қарым-қатынасты жақсарту жоспарланды.

Жоспарда Азия, Африка және Латын Америка елдерімен қарым-қатынасты күшейтіп, жаңа нарықтарды игеру, сондай-ақ БРИКС пен ШЫҰ мүшесі ретінде жаңа мүмкіндіктер ашу көзделген.

Аймақтарды дамыту

"Бір аудан – бір жоба" бағдарламасы арқылы аймақтардың ерекшелігін ескере отырып, теңдей дамуға жағдай жасалатыны айтылды. Ауыл шаруашылығын жоғары технологиялық және беделді салаға айналдыру жоспарлануда.

Ақпарат көзі: baq.kz
27 қаңтар 2025 ж. 122 0