Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Канададағы орман өртінен мыңдаған адам эвакуацияланды

Канададағы орман өртінен мыңдаған адам эвакуацияланды

Канадада орман өрттері күрт күшейіп, елдің бірнеше аймағында күрделі жағдай қалыптасқан. CBC телеарнасының хабарлауынша, Саскачеван провинциясында басталған алапат өрт салдарынан 400-ден астам үй жанып кеткен, деп хабарлайды Egemen.kz.

Табиғи апаттың салдарынан 9 мыңға жуық тұрғын қауіпсіз жерге эвакуацияланған. Жергілікті биліктің мәліметінше, олардың саны жақын күндері 15 мың адамға дейін жетуі мүмкін.

Орман өрті Саскачеванмен ғана шектелмей, көршілес Альберта және Манитоба провинцияларына да таралған. Тілсіз жау елдің батыс бөлігінде орналасқан орман алқаптары мен елді мекендерге қауіп төндіріп отыр. Қазіргі таңда өрт сөндіру және құтқару қызметтері апатты аймақтарда тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.

Айта кетейік, жоғалғандар мен жарақат алғандар туралы нақты мәліметтер әлі жарияланған жоқ.

Канада үкіметі табиғи апаттың нақты себептерін анықтап жатыр. Алайда мамандардың айтуынша, ауа райының тұрақсыздығы мен жауын-шашынның аздығы, сондай-ақ климаттық өзгерістер орман өртінің таралуына әсер етуі мүмкін.

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ

Фото:depositphotos.com



04 маусым 2025 ж. 46 0