Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қытайда нөсер жаңбырға байланысты "көк" деңгейдегі ескерту күшейтілді

Қытайда нөсер жаңбырға байланысты "көк" деңгейдегі ескерту күшейтілді

Қытайдың Ұлттық метеорологиялық орталығы (ҰМО) сенбі күні елдің бірқатар аймағында толассыз жауған жауын-шашынға байланысты "көк" деңгейдегі дауыл ескертуін ұзартты, деп хабарлайды BAQ.KZ Қытай ақпарат көздеріне сілтеме жасап.

Синоптиктердің болжамынша, сенбі күні таңғы 08:00-ден жексенбіге дейінгі аралықта қатты нөсер Хэбэй, Шаньдун, Хэнань, Цзянсу, Аньхой, Хубэй, Хунань, Чжэцзян, Юньнань, Гуандун, Хэйлунцзян провинциялары мен Гуанси-Чжуан автономиялық ауданын қамтуы мүмкін.

Цзянсу провинциясының солтүстік өңірлерінде жауын-шашын мөлшері 150 мм-ден асады деп күтілуде.

ҰМО жергілікті билік органдарына қалалардағы дренаж жүйелерін күшейту, ауыл шаруашылығы алқаптарында су өткізу шараларын шұғыл қолға алу, сондай-ақ азаматтарды қауіпсіздік шараларына мән беруге шақыру жөнінде ұсыныс жасады.

Еске сала кетейік, Қытайда қолданыстағы табиғи апаттарға қатысты ескерту жүйесі төрт деңгейден тұрады:
қызыл – ең жоғары,
қызғылт сары,
сары және
көк – қауіптің ең төменгі деңгейі.

Алайда "көк" деңгейдің өзі кей өңірлер үшін елеулі қатер туғызуы мүмкін екенін метеорологтар ескертіп отыр.

Фото: baq.kz
29 маусым 2025 ж. 43 0