Қытайлық хакерлер Microsoft серверін бұзды

Компанияның айтуынша, кибершабуылдарға Қытай мемлекеті қолдайтын Linen Typhoon мен Violet Typhoon топтары және Қытай аумағынан әрекет ететін Storm-2603 атты хакерлік топ қатысқан. Олар SharePoint жүйелеріндегі осал тұстарды пайдаланып, жүйеге заңсыз қол жеткізген.
Microsoft қауіпсіздік жаңартуларын шығарды және барлық жергілікті SharePoint серверлерін пайдаланушыларға бұл жаңартуларды дереу орнатуды ұсынды. Компания бұл осалдықтар түзелмеген жүйелерге шабуыл жалғасуы мүмкін екенін «жоғары сеніммен» болжап отыр.
«Хакерлер серверге арнайы сұраныс жіберіп, криптографиялық кілттерді ұрлауға мүмкіндік алған», делінген Microsoft таратқан мәлімдемеде.
Алайда, бұл айыптауларға байланысты Қытай тарапы жауап беріп үлгерді. АҚШ-тағы Қытай елшілігінің өкілі Лю Пэньюй X желісіндегі мәлімдемесінде:
«Қытай кибершабуылдар мен киберқылмыстың кез келген түріне үзілді-кесілді қарсы және олармен күреседі. Сонымен қатар, нақты дәлелсіз өзгелерді қаралауға үзілді-кесілді қарсымыз», деп жазды.
Microsoft шабуылдарға қатысқан өзге де хакерлік топтарды анықтау бойынша тергеуді жалғастырып жатқанын айтып, ресми блогында қосымша мәліметтер жариялап отыратынын хабарлады.
Фото: egemen.kz