Ким Чен Ын Қытайдағы әскери парадқа қатысады

BBC-дің хабарлауынша, бұл – Кимнің сирек жасайтын шетелдік сапарларының бірі болмақ.
Парад 3 қыркүйекте Қытайдың “Жеңіс күніне” орай өтеді. Ол – Екінші дүниежүзілік соғыста Жапонияның тізе бүккеніне 80 жыл толуына арналған шара. Іс-шараға 20-дан астам елдің басшылары шақырылған.
Парад барысында Қытай жаңа әскери техникаларын – жүздеген ұшақ, танк және дронға қарсы жүйелерді көпшілікке көрсетпек. Мыңдаған сарбаздар тарихи Тяньаньмэнь алаңымен сап түзеп өтеді деп жоспарланған.
Сарапшылардың пікірінше, бұл шара Қытай төрағасы Си Цзиньпин үшін маңызды дипломатиялық жеңіс болмақ. Ол Ресей мен Солтүстік Корея басшыларын қатар алып шығып, Батыс елдерімен жүріп жатқан саяси текетіресте өз ықпалын көрсеткісі келеді.
Ким Чен Ын соңғы рет Қытайға 2019 жылы барған еді. Бұл жолғы сапары оның мәртебесін көтеріп қана қоймай, Қытайдың Пхеньянмен “дәстүрлі достық қарым-қатынасын” жалғастыратынын да айқындайды.
Сондай-ақ шараға Индонезия президенті, Малайзия премьер-министрі және Мьянма әскери басшысы сияқты Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің жетекшілері қатысады. Ал Еуроодақ тарапынан тек Словакия премьер-министрі келеді.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да парадқа қатысатыны жоспарланған.
Фото: baq.kz