Ғарышқа ұшу адам ағзасының биологиялық қартаюын жеделдетуі мүмкін — зерттеу

— Ғарыш — адам ағзасы үшін ең ауыр сынақ алаңы, — деді зерттеу авторларының бірі, Сан-Диегодағы Калифорния университетінің Санфорд бағаналы жасушалар институтының директоры, доктор Катриона Джеймисон.
Оның командасы жасушалардағы өзгерістерді нақты уақыт режимінде бақылау үшін жасанды интеллектке негізделген технологияларды қолданды. Зерттеу төрт SpaceX миссиясын қамтыды.
Қан түзу жасушалары иммунитет пен жалпы денсаулықты сақтауда шешуші рөл атқарады. Ғалымдар ғарыштағы микрогравитация мен радиация қартаюды жылдамдататынын айтады.
Дегенмен зерттеу үміт тудыратын деректерді де көрсетті: Жерге оралғаннан кейін және қолайлы ортаға түскенде жасушалардың кейбір зақымданғандары қалпына келген. Бұл қорытындылар Cell Stem Cell ғылыми журналында жарияланды.
Зерттеушілердің пікірінше, мұндай нәтижелер ғарышкерлердің денсаулығын ұзақ экспедициялар кезінде қорғауға арналған жаңа стратегияларды әзірлеу қажеттігін айқын көрсетеді.
Келесі қадам — ұқсас өзгерістердің тікелей ғарышкерлердің ағзасында болатынын зерттеу. Бұл дәрілік немесе генетикалық әдістер арқылы алдын алу жолдарын табуға мүмкіндік береді.
— Бұл өзгерістерді түсіну бізге тек ғарышкерлерді қорғауға ғана емес, Жердегі қартаю мен қатерлі ісік сияқты ауруларды модельдеуге де көмектеседі, — деді Джеймисон.
Оның айтуынша, бұл білім коммерциялық ғарыш сапарлары мен төменгі орбитадағы зерттеулердің жаңа дәуірінде айрықша маңызға ие.