Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АҚШ пен Қытай TikTok бойынша ортақ шешімге келді

АҚШ пен Қытай TikTok бойынша ортақ шешімге келді

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлескенін және TikTok-тың АҚШ-тағы болашағына қатысты мәміленің мақұлданғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.

Трамп Truth Social желісінде әңгіме «нәтижелі» өткенін айтып, Си Цзиньпиннің TikTok-тың америкалық инвесторларға сатылуына келісім бергенін жоғары бағалады. Президенттің айтуынша, мәміле аясында АҚШ-тағы жаңа құрылым ByteDance лицензиялаған алгоритмді пайдаланып жұмыс істей береді.
Сондай-ақ, Трамп қазан айының соңында Оңтүстік Кореяда өтетін АТЭС саммитінде Си Цзиньпинмен кездесетінін, ал келесі жылы Қытайға баратынын хабарлады. Қытай тарабы ресми мәлімдемесінде TikTok бойынша шешімдер «нарықтық ережелер мен ұлттық заңдарға сәйкес» қабылдануы тиіс екенін атап өтті.
АҚШ билігі қаңтардан бері TikTok-қа бірнеше рет тыйым салуды кейінге шегерген болатын. Жоғарғы сот бұл шектеуді уақытша қолдағанымен, оның орындалу мерзімі желтоқсанға ұзартылды.
Алайда Конгресстегі бірқатар заң шығарушылар, соның ішінде республикалық Джон Муленар, мәміле Қытай Коммунистік партиясының ықпалын сақтап қалуы мүмкін деп қауіптеніп отыр.
Трамп өз кезегінде TikTok-ты «АҚШ үшін құнды» деп атап, платформаны алдағы сайлау науқанының маңызды бөлігі ретінде пайдаланатынын жеткізді.
Бұл – биылғы жылы Трамп пен Си арасындағы екінші байланыс. Маусымда тараптар сирек жер металдарының экспортына қатысты келіссөздер жүргізген болатын.

Фото: baq.kz
20 қыркүйек 2025 ж. 49 0