Испанияда су тасқыны салдарынан төтенше жағдай жарияланды

Мурсия мен Валенсия аймақтарында тұрғындарды эвакуациялау басталды, ал кейбір әуежайларда рейстер тоқтатылды. Испанияның ұлттық метеорологиялық агенттігі (AEMET) соңғы күндері Батыс Жерорта теңізінде қалыптасқан дауылды мұқият бақылап отыр.
Метеорологтардың айтуынша, кейбір аудандарда жауын-шашын мөлшері 250-300 миллиметрге дейін жетуі мүмкін. Мұндай жағдайды мамандар " DANA " деп атайды – атмосфераның жоғарғы қабаттарындағы суық ауа массаларының оқшаулануынан пайда болатын ерекше құбылыс.
Қатты жаңбыр найзағай мен желдің күшеюіне әкеліп, Валенсия мен Аликанте арасындағы жағалаудағы елді мекендерде су тасқыны қаупін арттырды. Жергілікті билік тұрғындарға қауіп аймақтарынан аулақ болуға және ескерту хабарламаларын қатаң қадағалауға кеңес беріп отыр.
Ауа райы қызметі мұндай табиғи құбылыстар аймақта онжылдықта бір-екі рет болатынын, ал ең ірі апаттар шамамен 20 жылда бір рет қайталанатынын атап өтті.
Фото: baq.kz