Испанияда алапат су тасқыны болды
Испаниядағы Каталония автономды қоғамдастығында дауыл соғып, су тасқыны болды. Табиғи апаттан зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ, деп жазады Egemen.kz.
The Washington Post жазуынша, қатты жаңбыр түнде басталып, Алканар қаласында түскі уақытқа дейін жалғасқан. Лай су ағыны далада тұрған жиһаздар мен көліктерді Жерорта теңізіне ағызып әкеткен. Төтенше жағдайлар қызметі көліктер мен жағалаудағы үйлерде қалған ондаған адамды құтқарды. Кем дегенде 10 мың тұрғын жарықсыз қалды. Жолдар жабылып, пойыз қозғалысы үзілді. Әзірге зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.
Каталония метеорологиялық қызметінің мәліметінше, жауын-шашын кезінде бір шаршы метрге 215 литрден астам су түскен.
Жергілікті билік тұрғындарды үйде болуға шақырды, өйткені ауа райы әлі де тұрақсыз. Тағы да су тасқыны болуы мүмкін.
Жауын-шашын салдарынан елдің орталық бөлігіне де қауіп төніп тұр. Мадридте және басқа аудандарда қалыптан тыс құбылыстар тіркелді. Тоғыз мыңнан астам найзағай жарқылы тіркелген.