Тәжікстанда ірі мұздық көшкіні болды
Тәжікстанның Тәжікабад ауданында мұздықтың алып бөлігі үзіліп, төмен қарай сырғып түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ. 25 қазанда Тәжікабад ауданындағы Деҳдал мұздығында ірі көлемдегі мұз массасының (ұзындығы шамамен 1500 метр, биіктігі 50 метрге дейін) қозғалысы мен бөлінуі тіркелді. Мұндай құбылыстың басты себебі – ауа температурасының көтерілуі мен ұзақ уақыт жауын-шашынның болмауы. Осы жағдайлар мұздықтың қарқынды еруіне және су балансындағы өзгерістерге әкелді, – деп мәлімдеді Тәжікстан Гидрометеорология агенттігі.
Тәжік билігінің мәліметінше, мұздық көшкіні адам өлімі мен материалдық шығынға әкелмеген. Алайда мамандардың айтуынша, алдағы уақытта мол жауын-шашын мен жаңа мұздықтардың үзілуі кейбір елді мекендер үшін су басу және көшкін қаупін тудыруы мүмкін.
Қазір Тәжікстанда 14 мыңнан астам мұздық бар. Олардың ірілері мен ұсақтары Орта Азия елдері үшін судың негізгі көзі саналады. Дегенмен соңғы 30 жылда жаһандық жылынудың әсерінен ел аумағындағы 1000-нан астам мұздық толықтай еріп, жойылып кеткен.
Фото: ашық дереккөзден алынды








