Англияда үйсіз жүрген босқындар саны бірнеше есе артты – BBC
Соңғы төрт жылда Англияда үйсіз немесе баспанасыз қалу қаупі бар босқындар саны бес есе өскен. Үкімет деректеріне сәйкес, бұл көрсеткіш 2021-2022 жылдары 3 560 болса, 2024-2025 жылдары 19 310-ға жеткен. Бұл туралы BBC арнасы мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қайырымдылық ұйымдары мұндай өсімді үкімет саясатының тікелей салдары деп бағалайды. Атап айтқанда, босқын мәртебесін алған адамдарға Ішкі істер министрлігі ұсынған уақытша тұрғын үйден көшу үшін берілетін 28 күннің жеткіліксіз екенін айтады. Осы уақыт ішінде баспана тауып, жұмысқа орналасу немесе әлеуметтік жәрдемақы рәсімдеу көпшілік үшін мүмкін болмай отыр.
Үйсіз қалған босқындардың арасында жастар мен жалғызбасты әйелдер көп. Солардың бірі – Судандағы соғыстан қашып келген 26 жастағы Юсра. Ол босқын мәртебесін алғаннан кейін Манчестер маңында бірнеше ай шатырда түнегенін айтып, көшедегі өмірдің қауіпті әрі ауыр екенін жеткізген.
Ресми деректерге сәйкес, үйсіз босқындар ең көп тіркелген өңірлер – Лондон мен Англияның солтүстік-батысы. Әсіресе Хиллингдон ауданында өсім айқын байқалған: төрт жылда көрсеткіш 71-ден 2 098-ге дейін артқан.
Ұлыбритания үкіметі жергілікті билікпен бірлесіп, босқындардың тұрақты баспанаға көшуіне көмектесуге уәде беріп отыр. Алайда сарапшылар бұл мәселені шешу үшін баспана жүйесін түбегейлі, ұзақ мерзімді қайта қарау қажет екенін алға тартады.
Фото: baq.kz









