Мысырда 10 мың жыл бұрынғы тастар арасынан баспана табылды
Мысырлық археологтар Синай түбегінде шамамен 10 000 жыл бұрын жасалған жартастардан баспана тапты, деп хабарлайды Синьхуа.Мысырдың Туризм және көне жәдігерлер министрлігінің мәліметінше, баспана Оңтүстік Синай провинциясындағы Джабаль-Умм-Арак тауында табылған. Министрлік құмтастан жасалған табиғи баспананың тарихи және көркемдік құндылығы зор екенін атап өтті.
Нысанның ұзындығы 100 метрден асады. Төбесінде жануарлардың, символдық фигуралардың және әртүрлі дәуірдегі күнделікті өмір көріністерін қызыл және сұр түстермен бейнеленген. Кейбір көріністер біздің дәуірімізге дейінгі 10 000-5500 жылдар аралығына жатады.
Бейнелер арасында садақ пен ит ұстаған аңшылар, түйе мен атқа мінген шабандоздар, ертедегі араб жазулары бар.
Туризм және көне жәдігерлер министрі Шериф Фати бұл жаңалықтың Синай түбегінің бай мәдени мұрасын растайтынын және мұнда мыңдаған жылдар бойы әртүрлі өркениеттің болғанын көрсететінін атап өтті.
Министрліктің хабарлауынша, Умм-Арак тарихқа дейінгі дәуірлерден бастап ерте ислам кезеңіне дейінгі көркемдік және символдық дәстүрлердің дамуын көрсететін ашық аспан астындағы табиғи мұражай.
Археологтар қазба жұмыстары кезінде жануарлардың қалдықтары мен тұрғын үйлердің іздерін де тапты. Бұл баспананың адамдар мен жануарлардың демалатын орны ретінде пайдаланылғанын көрсетеді. Ежелгі Египет, Рим және ортағасырлық кезеңдерге жататын тас құралдар мен қыш ыдыстардың сынықтары да табылды.
kaz.inform.kz
Фото: Intagram/ @ministry_tourism_antiquities










