Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қытай 44% үлеспен қазақстандық уранның негізгі сатып алушысы атанды

Қытай 44% үлеспен қазақстандық уранның негізгі сатып алушысы атанды

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Ресейге жеткізілім көлемі қысқарды.
"Қазатомөнеркәсіп" 2025 жылдың қаржылық нәтижелерін жариялады. Топтың таза пайдасы бір жыл бұрынғы 1,13 трлн теңгемен салыстырғанда 807 млрд теңгені құрады. Ал түсім іс жүзінде баяғы деңгейде қалып, 1,803 трлн теңгені көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Уранды сатудың орташа бағасы жылдық орташа споттық бағаның 14%-ға төмендеуі аясында бір фунт үшін $69,5-дан $65,3-ға дейін азайды. Сонымен қатар, табиғи уранды сату көлемі 11%-ға өсті.

Операциялық ақша ағыны 516-дан 810 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Акционерлерге төленетін дивидендтер 2024 жылғы 1 213 теңгемен салыстырғанда бір акцияға 1 264 теңгені құрады.

Қазақстан уранының ең ірі сатып алушысы Қытай болды – 797 млрд теңге немесе түсімнің 44%-ы.

АҚШ-қа жеткізілім 143-тен 204 млрд теңгеге дейін өссе, Ресейге жеткізілім 253-тен 218 млрд теңгеге дейін қысқарды.

2025 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда уран өндіруге салынатын салық мөлшерлемесі 6%-дан 9%-ға дейін көтерілді.

2026 жылдан бастап өндіру көлемі мен уран бағасына байланысты сараланған шкала енгізіледі.

Компанияның күрделі шығындары 190-нан 256 млрд теңгеге дейін өсті.

Жиынтық қарыз 150-ден 207 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

baq.kz
20 наурыз 2026 ж. 41 0