Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Латвия ауыл шаруашылығында төтенше жағдай жариялады

Латвия ауыл шаруашылығында төтенше жағдай жариялады

Латвияның Ауыл шаруашылығы бойынша консультациялар және білім беру орталығының мәліметінше, ел бойынша егін жинау жұмыстары 22 тамыздағы дауылдан және одан кейінгі мол жауын-шашыннан кейін кешіктірілген.
Латвия үкіметі жазда және күздің басында ұзаққа созылған жауын-шашынның салдарынан ауыл шаруашылығында төтенше жағдай жариялады. Төтенше жағдай режимі елдің бүкіл аумағында 2027 жылғы 10 қаңтарға дейін қолданылады.

Бұл туралы LSM сайты жазды.

Қолайсыз ауа райы елдің батыс бөлігіне, әсіресе Курземе өңіріне қатты әсер етті. Соның салдарынан фермерлік шаруашылықтардың табысы төмендеп, қаржылық міндеттемелерін орындауда қиындықтар туындаған.

Қыркүйек айының соңына қарай ауыл шаруашылығы алқаптарының зардап шеккені туралы 174 фермер хабарлаған. Зақымданған жерлердің жалпы аумағы 10 335 гектарды құрады. Алайда бұл көрсеткіш елдегі ауыл шаруашылығы жерлерінің шамамен 0,4 пайызын ғана қамтиды және келтірілген залалдың толық көлемін көрсетпейді.

Төтенше жағдай режимі тиісті аумақтағы барлық фермерлерге келтірілген шығынды әрқайсысының жеке дәлелдеуін талап етпей, мемлекеттік қолдау шараларын қолдануға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар мемлекеттік органдар форс-мажор және төтенше жағдайларға қатысты заңнамада көзделген тетіктерді пайдалана алады.

Атап айтқанда, Мемлекеттік кірістер қызметі зардап шеккен фермерлердің жекелеген міндеттемелерді орындамауына байланысты өсімпұл есептемеуі мүмкін. Ал қаржы ұйымдары негізгі қарызды өтеу мерзімін кейінге қалдырып, пайыздық төлемдерді қайта қарауға немесе айыппұл санкцияларын қолданбай төлем кестесін өзгертуге мүмкіндік алады.

Төтенше жағдай салдарынан келісімшарттық, оның ішінде халықаралық міндеттемелерді орындамау да форс-мажорлық жағдай ретінде танылуы мүмкін.

Сонымен қатар төтенше жағдай жариялануы бұған дейін жасалған егін және мал шаруашылығын сақтандыру келісімдерінің талаптарын өзгертпейді. Сақтандыру компаниялары келісімшарттарда көзделген өтемақыларды төлеуге міндетті.

Латвияның Ауыл шаруашылығы бойынша консультациялар және білім беру орталығының мәліметінше, ел бойынша егін жинау жұмыстары 22 тамыздағы дауылдан және одан кейінгі мол жауын-шашыннан кейін кешіктірілген.
baq.kz
30 қыркүйек 2026 ж. 89 0