Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Германияда балаларға арналған зейнетақы жинақтау бағдарламасы мақұлданды

Германияда балаларға арналған зейнетақы жинақтау бағдарламасы мақұлданды

Қатысушылар 25 жасқа толғанға дейін жиналған қаражатты өздерінің бекітілген зейнетақы шартына аудара алады.
Германия Бундестагы балаларға арналған мемлекеттік зейнетақы жинақтау бағдарламасын мақұлдады. Жобаға сәйкес, мемлекет алты жастан бастап балалардың жеке инвестициялық шотына ай сайын 10 еуро аударады. Алайда оппозиция мен тұтынушылардың құқықтарын қорғаушылар бастама әлеуметтік теңсіздікті күшейтуі мүмкін деп есептейді.

DW басылымының жазуынша, 16 қазанда қабылданған «Зейнетақыға ерте бастау» (Frühstartrente) бағдарламасы балаларды мектеп жасынан бастап зейнетақы жинауға ынталандыруды көздейді. Билік бұл бастама болашақта зейнетақы төлемдеріндегі ықтимал олқылықтарды азайтып, жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді деп санайды.

Германияның қаржы министрі Ларс Клингбайлдың айтуынша, бағдарлама балаларға болашақтағы зейнетақысы үшін бастапқы капитал жинауға көмектеседі. Ата-аналар мен ата-әжелер де баланың шотына жылына 6 840 еуроға дейін қосымша қаражат сала алады.

Егер ата-анасы балаға жеке жинақ шотын ашпаса, мемлекеттік төлемдер федералдық үкіметтің арнайы қорына аударылып, Германияның Федералдық банкі арқылы инвестицияланады. Қатысушылар 25 жасқа толғанға дейін жиналған қаражатты өздерінің бекітілген зейнетақы шартына аудара алады.

Алайда оппозициялық «Жасылдар» партиясы мен Солшыл партия бағдарламаның әлеуметтік әділеттілігіне күмән келтірді. Олардың пікірінше, ата-анасы қосымша ақша сала алатын балалардың жинағы әлдеқайда көп болады. Ал тек мемлекеттік төлемге сүйенетін балалар қаржылық тұрғыдан қолайсыз жағдайда қалуы мүмкін.

Солшыл партия депутаты Изабель Вандренің есебінше, ата-анасы рұқсат етілген ең жоғары мөлшерде жарна төлеген жағдайда, 12 жыл ішінде баланың шотына 83 520 еуроға дейін жиналуы мүмкін. Ал тек мемлекеттік қолдау алатын балалардың шотында осы кезеңде 1 440 еуро болады.

Германияның тұтынушылар құқықтарын қорғау орталықтарының федералдық бірлестігі де жеке шоты ашылмаған балалардың бағдарлама мүмкіндіктерінен шет қалу қаупіне назар аударды. Ал Германияның сақтандыру бизнесі қауымдастығы бастаманы зейнетақы жинағын ерте қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам ретінде бағалады.

Бағдарлама 2020 жылы туған балаларды 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап кері күшпен қамтуы тиіс. 2027 жылдан бастап оған жыл сайын алты жасқа толған балалардың жаңа тобы қосылады. Бұған дейін туған, бірақ әлі 18 жасқа толмаған балалар да жеке келісімшарт аша алады, алайда олар мемлекеттік төлем алмайды.

baq.kz
17 қазан 2026 ж. 57 0