Айға алғаш аяқ басқандар

Ғарыш кемесі Айға қонған сәттен бастап 49 сағат өткенде қайта Жерге бет алды. Айдың бетінде ай модулінің сатысы қалды. Ал онда Жердің картасы бейнеленген және "Бұл жерге Жер ғаламшарының адамдары Айға алғаш рет аяқ басты. Шілде, жаңа заманның 1969-жылы. Біз барлық Адамзат атынан бейбітшілікпен келдік" деген жазуы бар, астына "Аполлон-11" кемесінің үш ғарышкері мен президент Никсонның қолы қойылған тақта орнатылған. 24 шілде күні "Аполлон-11" кемесі Тынық мұхитқа қонды. Ғарышкерлерді эвакуациялау барынша сақтықпен өтті. Себебі мамандар ғарышкерлермен бірге Жерге Айдың микроағзалары келуі мүмкін деп қорықты. Тек 13 тамыз күні ғарышкерлер ел алдына шығып, сөз сөйледі. Осыдан кейін Айға алты бірдей "Аполлон" қонған. 12 америкалық ғарышкер Жер серігін өз аяқтарымен сезіп көрді. Сол кездегі әлемнің екі бірдей алпауыт мемлекеті – КСРО мен АҚШ ғарышты бағындырудан бәселескен еді. КСРО алғаш болып ғарышқа адам ұшырса, АҚШ қалыспай Айды бірінші бағындырды. Міне, осы бір елеулі күннен 50 жыл уақыт өтіпті.