Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » VIP-пакеті $15 000: 2019 жылы қажылыққа аттану қанша тұрады?

VIP-пакеті $15 000: 2019 жылы қажылыққа аттану қанша тұрады?

Биыл, 2019 жылы, 3200 қазақстандық бес парыздың бірі қажылықты өтеу үшін қасиетті Мекке-Мәдина қалаларына аттанады. Сапар 31 шілдеден 20 тамызға дейін жалғаспақ. Stan.kz тілшісі қажылық және умра сапарларымен айналысатын бірнеше отандық туристік компанияларға хабарласып, биылғы қажылықтың құны қанша болатынын анықтаған еді. 

Биыл Сауд Арабиясы Қазақстанға 3200 квота бөлген. Қасиетті парызын өтеймін деушілер менингокқа қарсы вакцина салуға міндеттелген. Бұл шара еліміздің 8 ірі қаласында жүзеге асырылады. Қазақстандықтардың қасиетті жерге сапарымен айналысу 18 туристік компанияға жүктелген.
Болашақ қажыларды отандық Scat және саударабиялық Fly Nas әуе компаниялары чартерлік рейспен тасымалдайды. Ұшу бұған дейінгі жылдардағыдай еліміздің төрт қаласынан - Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтаудан жүзеге асырылады. 
Қалтаңыздың қалыңдығы мен жағдайыңызға қарай туристік компаниялар түрлі пакеттер ұсынады.
"Хикмет Travel" компаниясының менеджері Әсет Кешкеров қажылықтың стандарт пакеті 4850 АҚШ долларынан басталып, 15 000 долларға (VIP пакет үшін) дейін баратынын айтты. Оның сөзінше, биыл ВИП-санаттағы пакеттер аса сұранысқа ие емес, алдыңғы жылдары 50 шақты отандасымыз осы пакет түрімен барған екен. VIP-пакеттің ерекшелігі - жоғары жұлдызды қонақ үйлер, Мина; Мұздалифа жазықтарында жағдайы жақсы шатырлар және тамақтанудың басқа түрінде. Lux - санатындағы пакеттің құны - 5500 АҚШ доллары, Premium - 7000-8000 доллар.
"Асыл-арна" компаниясының өкілі Жандос Кенжебек қажылық сапардың Стандарт-пакеті 4700 АҚШ долларынан басталатынын айтты. Басқа пакет түрлері жоқ. Қасиетті мекенде 30-40 адамнан аспайтын топқа бөлек гид-жол көрсетуші бекітілген. 
Сұхбат берушілер VIP, LUX сынды пакеттер қажылықтың барлық ереже-талаптарына сай екенін және қажылық идеясын бұзбайтынын атап өтті.
"Мәселен, ертеректе адамдар бәленбай ай жаяу не атпен жүріп жеткен. Қазір бірнеше сағатта ұшақпен жетіп барады. Заман талабына сай жолды жеңлдететін мүмкіншіліктерді пайдаланады ғой", - деді Хикмет Travel компаниясының өкілі.

Қажылық - ислам дініндегі қасиетті бес парыздың бірі. Бір аптаға жуық созылатын уақытта мұсылмандар Мина жазығында бірнеше күн өткізіп, Арафат тауында мінәжат етіп, Мұздалифада түнеп, шайтанға тас ату рәсімімен аяқтайды. 20 күндік сапар кезінде қазақстандықтар Мәдина қаласында да бірнеше күн өткізіп, Пайғамдар (с.ғ.с.) мешітіне бару мүмкіндігі туындайды. Сондай-ақ Мекке-Мәдинә қалаларындағы қасиетті орындарға экскурсия ұйымдастырылады.
stan.kz
29 шілде 2019 ж. 1 647 0