Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тас, қола және темір. Ал қазір қандай дәуір?

Тас, қола және темір. Ал қазір қандай дәуір?

Талай дәуірлер артта қалып, адамзат өмірі алуан кезеңдерден өтті. Әр дәуірдің, әр кезеңнің өзіндік жаңалығы болды. Әсіресе, тарих пәнін оқығанда тас, қола және темір дәуірлері жайлы жақсы білдік. Ал қазір қандай дәуір?
Иә, қазіргі заман, қазіргі дәуір тарих қойнауына қалай енеді? Ойланып көрдіңіз бе? Жуырда осы жайлы Сан-Диегодағы Калифорния университетінің ғалымдары арнайы қорытындыларын жариялады. Олар қазіргі кезеңді пластик дәуірі деп атай беруге толықтай негіз бар дейді. Cебебі қазірдің өзінде пластик қалдықтары жер қыртысынан көптеп табылады.
- Болашақта палеонтологтар жер қабаттарын зерттей келе осы кезеңді пластик дәуірі деп атары сөзсіз, - деп жазады The Guardian.
Ғалымдар зерттеу жұмыстарын Калифорния жағалауында жүргізген. Олар пластик қалдықтары 1945 жылдан бері артып келе жатқанын алға тартқан. Жер қабатында киімнен қалған синтетикалық мата талшықтары көбірек кездесетінін байқаған.
Соңғы 80 жылда пластиктен жасалған заттарды қолдану әр 15 жыл сайын 2 есе артып отырған. 2010 жылы әр 10 сантиметр квадратқа 40 пластик қалдығынан келген. Оның үштен екі бөлігі - пластик талшықтар, бестен бірі – пластик құралдардың сынықтары.
Қазіргі таңда асқар шыңнан бастап, иен дала мен шөлде де, мұз құрсанған арктикалық аймақ пен мұхит түбінде де пластик қалдықтары кездеседі. Тіпті жуылған киім арқылы да пластик талшықтары суды ластайды екен.
Адамдар шамамен жылына 50 000 пластик қалдығын жұтады екен. Ғалымдар мұны аса қатты зиян деп есептемейді. Бірақ бұған қатысты ұзаққа созылған зерттеу жүргізілмеген.
Пластик қалдықтарынан қоршаған ортаның ластануы жыл санап артып келеді. Зерттеу жұмысының авторлары бұл ластану жердегі экожүйеге айтарлықтай зиян екенін алға тартқан.
https://massaget.kz/layfstayl/alemtanu/alem-alaqanda/58741/

17 қыркүйек 2019 ж. 1 448 0