Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстандық оқушылар қоқыстан инновациялық өнім жасап шығарды

Қазақстандық оқушылар қоқыстан инновациялық өнім жасап шығарды

Бүгін Назарбаев Зияткерлік мектебінде Астана қаласының 20 жылдығына орай «Болашақ қаласы: елорда сәулеті» атты Наурыз кездесулері өтті. Оқушылар үшін ғылыми алаңға айналған дәстүрлі кездесуде балалар ғылыми жобаларын ұсынды. Олардың арасында көпшіліктің таңданысын тудырған инновациялық өнімдер де бар, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Ғылыми жобалар сайысында Зияткерлік және жалпы білім беру мектептерінен жиналған 200-ден астам оқушы қатысып жатыр. Ертең олар қазылар алқасына өздерінің ғылыми жобаларын ұсынады. Осы орайда «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова аталмыш кездесудің маңыздылығын түсіндірді.

Бүгін Назарбаев Зияткерлік мектебінде Астана қаласының 20 жылдығына орай «Болашақ қаласы: елорда сәулеті» атты Наурыз кездесулері өтті. Оқушылар үшін ғылыми алаңға айналған дәстүрлі кездесуде балалар ғылыми жобаларын ұсынды. Олардың арасында көпшіліктің таңданысын тудырған инновациялық өнімдер де бар, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Ғылыми жобалар сайысында Зияткерлік және жалпы білім беру мектептерінен жиналған 200-ден астам оқушы қатысып жатыр. Ертең олар қазылар алқасына өздерінің ғылыми жобаларын ұсынады. Осы орайда «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова аталмыш кездесудің маңыздылығын түсіндірді.

Сейітхан Мұхамеджан – Шымкенттегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушысы. Ол қоқыста жатқан пластик өнімдерді қалай кәдеге жаратудың жолын тапқан.
«Біз алдымен қоқыста жатқан пластик заттарды жинап, оны арнайы зауытқа жібереміз. Олар сол жерде өңделеді. Нәтижесінде біз полиэтилен деген материалды аламыз. Бұл материалды жол құрылысында пайдалануға болады. Яғни біз пластик тақтайшаларды бекіту арқылы оны жолға төсейміз. Пластик жолды төсеу өте жеңіл әрі тез. Бұл процесс көп қаражатты қажет етпейді. Сондай-ақ пластик жолдар бетон, асфальт жолдарға қарағанда әлдеқайда сапалы әрі ұзаққа шыдайды», - дейді оқушы.
Сейітханның айтуынша, пластик жол 40 градус суық пен 80 градус ыстыққа төзімді. Егер пластик жолдың бір жері бүлінсе, оны ерітіп қайта өңдеу болады. Қазіргі таңда бұл инновациялық әдісті Нидерланды мемлекеті жүзеге асыра бастапты.
Сонымен қатар Наурыз кездесулері барысында Сағынғали Дәулет есімді оқушымен таныстық. Ол Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сыныбында оқиды. Оқушы қоқыстан инновациялық құрылыс материалын жасап шығарған.
«Менің ғылыми жобамның тақырыбы – пластик бөтелкелерден экологиялық таза құрылыс материалдарын дайындау. Атырау облысында пластик бөтелкелер қоқысқа көп лақтырылады. Олар қайта өңдеуге жіберілмейді. Бұл өңірдегі экологиялық жағдайды одан әрі күрделендіре түседі, себебі пластмасса ыдырамайтын қалдыққа жатады. Ал ғылыми жобам арқылы мен пластмасса өнімдерінің қоқыс еместігін дәлелдегім келді», - деді ол.
Осы орайда Сағынғали Дәулет пластик арқылы қалай кірпіш жасауға болатынын түсіндірді. Оның айтуынша, алдымен арнайы қабылдау пунктерінде пластик бөтелкелер жиналады. Кейін олар қоқыс өңдейтін зауытқа жіберіледі.
«Пластик бөтелкелер зауытта арнайы құрал арқылы уатылады. Кейін ұсақталған өнімді құрылыс материалдарымен араластырамыз. Бұл құм немесе цемент болуы мүмкін. Құм өнімнің беріктілігін бірнеше есе арттырады және оны кеуіп кетуден сақтайды. Содан соң осы өнімді арнайы қалыпқа салып, пешке апарамыз. Осылайша, біз кірпіш немесе брусчатка аламыз», - деді оқушы.
Тіпті ол Атырауда осындай әдіс арқылы өзі кірпіш жасап шығарыпты.
«Атырауда арнайы цех бар. Біз жоғарыда аталған әдіспен осы цехта кірпіш жасадық. Менің қолымдағы кірпіш пласстамасадан және құмнан жасалған. Осы кірпіштің 50%-і пластик бөтелкелер, ал 45%-і құм болып келеді. Қарапайым кірпіштің бір данасы 150-200 теңге болады. Ал пластиктен жасалған кірпіштің бір данасы бұдан екі есе арзан. Болашақта бұл жобамды одан әрі дамытып, өз кәсібімді ашқым келеді», - деп түйіндеді ол сөзін.
Айта кетейік, аталған ғылыми жоба сайысының аясында Назарбаев Зияткерлік мектебінде белгілі қазақстандық және шетелдік архитекторлардың қатысуымен «Астана геометриясы» атты лекция және тәжірибелік сабақ ұйымдастырылды.
Сонымен қатар іс-шараға Италияның профессоры, «Sergio Ferrandi Bureau» бас сәулетшісі Серджио Ферранди, швейцариялық «Mabetex group» компаниясының бас сәулетшісі Ружди Чата, Қаныш Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың Сәулет және құрылыс институтының директоры Болат Құспанғалиев, ҚазБСҚА-ның ректоры Ерік Бесімбаев, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері «Хазірет Сұлтан» мешіті мен «Триумфальдық арка» жобаларының авторы Сағындық Жамболатов, «Астана-Жұлдызы» стелласы мен «Бәйтерек» монументінің авторы Саматбек Бүкебаев қатысты.
Дәурен ЕРБОЛАТ

19 наурыз 2018 ж. 1 878 0