Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақыттың бағасы: әлемдік рейтингте қай елдің бәсі жоғары?

Бақыттың бағасы: әлемдік рейтингте қай елдің бәсі жоғары?

Қазақстан әлем елдерінің бақыт деңгейін өлшейтін рейтингте 60-орынды иеленді. Әлемдегі ең бақытты мемлекет – Финляндия. Финдер былтыр да бақытты елдердің көшбасшысы атанған-ды. Мұндай мәліметтер халықаралық World Happiness Report (WHR) ұйымы жүргізген зерттеу нәтижесінде белгілі болып отыр.
Сонымен, бақытты елдер рей­тингінің алғашқы бестігіне Фи­нляндиядан кейін Дания, Нор­вегия, Исландия және Ни­дер­ланды кіріпті. Жалпы рей­тинг әлемнің 156 мемлекетін қамтыған. Яғни, осы 156-ның ішінде Гондурас (59-орын) пен Боливияның (61-орын) ор­та­сын­да тұрған Қазақстан өзі­мен одақтас ЕАЭО елдерін арт­қа тастапты.WHR жүргізген «ба­қыт рейтингінде» Ресей 68-орын­да болса, Беларусь – 81, Қыр­ғыз­стан – 86, Армения 116-орын­­д­а. Ең төменгі сатыда – Оң­түстік Судан, Сирия, ОАР мемлекеттері орналасқан.     Иә, әдетте бақыт туралы пікірталас бола қалса, классик жазушы Лев Толстойдың «Барлық ба­қыт­­ты отбасы бір-біріне ұқсас, ал бақытсыздарының тарихы әртүрлі» деген пайымын көлде­нең тартатынымыз бар. Ал жеке адам, отбасы емес, жалпақ ел, тұтас мемлекеттің бақытын анық­­таудың жолы қандай? Бү­гін­гі күні түрлі критерийлерді басшылыққа алып оның өлше­мін жасайтын ұйымдар бар. Мы­салға, БҰҰ жыл сайын әлем ел­дерінің бақыт өлшемі жайында арнайы баяндама жасайды. БҰҰ баяндамасында бақыт алты көрсеткіш бойынша бағаланады: ЖІӨ, өмір сүру ұзақтығы, әлеу­­­меттік көмек, адамның бас бостандығы және елдегі сы­бай­­­лас жемқорлық деңгейі. Бір қызығы, бақытты мем­ле­кет­­­тер рейтингінің басында тұр­­ғанның барлығы бірдей бақуатты, алпауыт ел емес. АҚШ, Ұлыбритания секілді саяси аренада салмағы басым мем­ле­кеттер тізімнің орта тұ­сын­да тұр. 2006 жылы New Economics Foundation (NEF) халықаралық ұйымы жүргізген бақыт индек­сін­де (The Happy Planet Index) әлемдегі ең бақытты ел деп Тынық мұхитындағы Вануату ара­лы аталған. Вануатудың хал­қы миллионға жетпейді (2016 жы­лы – 277 554 адам), жер көлемі 12 190 шаршы шақы­рым. Одан кейінгі орынға Колум­бия мен Коста-Рика кірген. NEF жүргізген рейтингте осы­нау шағын мемле­кет­тердің халқының өмір сүру ұзақ­тығы мен экологиясының жайлы­­лы­­ғы есепке алынған.
    1970­ жыл­дары экономистердің на­за­ры алақандай ғана Бутан ко­рольдігіне ауады. ЖІӨ-нің көр­сеткіші, ұлттық кіріс, эко­ло­гиялық тепе-теңдік жә­не басқа да ерекшеліктері арқылы аталған мемлекет дамудың өзіндік жолы­на түсті. Былай қарағанда, Бутан жер көлемі шағын (38 394 шаршы шақырым), халқының саны аз (2016 жылы – 750 125 адам) көп елдің бірі. Дегенмен ол елде ту­­ризм, ауыл шаруашылығы жә­не гирдроэлектр өндірісі жол­ға қойылған. Үндістан мен Қытайдың (Тибет) арасында орын тепкен мемлекет экспорт­тан пайда көруде. Бутан электр энергиясы мен ауыл шаруа­шы­лығы өнімін Үндістанға экс­порт­тайды. Бірақ неге екенін, солтүстік шығысындағы екінші алып мемлекет Қытаймен сауда бай­ланысы мүлдем жоқ деуге болады. Әйтсе де, осы шағын ғана корольдік 1971 жылдан бері әлемде даму көрсеткіші жөнінен рейтингтің басын бермей келеді. Оның себебі 70-жылдары ко­роль­дік халқының әл-ау­қа­­тын, мемлекеттің қуа­тын жалпыұлттық бақыт өл­­­­ше­мімен таразылау туралы ш­е­шім шығарған және әлі күн­ге «жалпыұлттық бақыт» ұғы­­мы басшылыққа алынып отыр. Әлемдік сарапшылар Бу­­тан­ның бақыты да осында деп біле­ді. Корольдік мемлекет қа­зы­насынан бөлінетін қаржы­ның елдегі бай мен кедейдің арақатынасын реттеу үшін жұм­салуын қатты қадағалайды деседі. 2005 жылы халықаралық са­уалнамаға қатысқан бутан­дық­тардың 3 пайызы ғана өзін бақытты екенін сезінбейтінін айтса, халқының жартысынан көбі бақыттымыз деп жауап берген.
Айтқандай, осы тектес сауалнама біздің елде де өткі­зі­ліп тұрады. Статистика коми­те­тінің тұрғындар арасында «Ха­лықтың өмір сүру сапасы» көрсеткіші бойынша жүргізген (2018 жылы) сауалнамасына орай, респонденттердің 60%-ы өз өміріне қанағаттанатынын айт­қан. Былтырғымен салыс­тыр­ғанда (2018 жылы – 56,6%) барға қанағат деушілер саны артыпты. Айта кету керек, «осы күніме шүкір» дейтіндер са­ны қала тұр­ғын­дарына қара­ғанда (54,4%) ауыл­да кө­бі­­рек кездескен (69,3%). Са­­уал­­­намаға жауап берген ер аза­­­­мат­тардың 61,8%-ы өз өмірі­не қа­нағаттанатынын айтса, әйел­дер­дің үлесі – 8,5%. Сондай-ақ респонденттердің 59,7% -ы «тұр­­мыс жағдайым бұ­­рын­­ғыдан түзелді» деп, 3,9%-ы «тө­­мендеп кетті» деп жауап бер­ген.
  Ес­кере кететін жайт, 2009-2019 жылдар ішінде Қазақ­станнан 310 мыңнан астам адам шетелге кеткен. Дегенмен дәл осы кезеңде елге 237 мыңға жуық адам келіпті. Ресми мәле­мет­терге сүйенсек, сыртқа кет­­­кендердің 70%-дан астамы – еңбекке қабілетті, жоғары бі­­лімді азаматтар. Алайда ше­тел­­ге кеткендердің есебінде нақтылық жоқ. Ашық ақпарат көздерінде де дерек әртүрлі. Мәсе­лен, АҚШ-тың Migration Policy Institute мекемесінің дере­­гінше, 2010-2017 жылдары Қа­­­зақ­станнан Америкаға 7 634 адам келді деп көрсетсе, елі­міздің Статистика комитеті аталған кезеңдегі көрсеткішті 1 643 адам деп есептеген. Әри­­не, қазіргі күні бір елден екін­­ші мемлекетке кету үдерісі әлем­де қалыпты жағдай сана­ла­ды. Бірақ жақсы жер, жайлы өмір іздеп шетел асқандардың бар­лығы бірдей іздеген бақытын тап­ты ма? Бұл сұраққа ешкім жауап бере алмайды.
24 қыркүйек 2019 ж. 655 0