Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Ашық бюджет»: қоғамдық бақылау мен азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру үшін жаңа серпін

«Ашық бюджет»: қоғамдық бақылау мен азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру үшін жаңа серпін

Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында жергілікті бюджеттерді бекіту және оңтайлы жұмсау барысына бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті. Себебі бөлінген қаражат көп жағдайда тұрғындардың шынайы қажеттілігіне жұмсала бермейді.Осылайша, азаматтардың өздерінің белсенді қатысуын қамтамасыз ету арқылы мемлекеттік бақылаудың баламасы ретінде қоғамдық бақылау институтын енгізу міндеті айқындалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев а.ж. 19 тамыздағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңесте мәлімдегендей, қоғамдық бақылаудың жаңа нысандары мен басқару шешімдерінің барынша ашықтығы қажет.
Осыған байланысты, а.ж. 11 қыркүйегінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығымен, Нидерланды Корольдігінің Елшілігімен және Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорымен бірлесіп, бұдан бұрын іске қосылған «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» негізінде «Ашық бюджет» жобасын бастады.
Жобаның миссиясы бюджетті қалыптастыру мен жұмсауға азаматтардың хабардарлығын арттыру арқылы мемлекеттік басқаруға азаматтық қатысуға, сондай-ақ өз қаржыларын сауатты бөлуге жәрдемдесу.
Іс-шара барысында Агенттік Төрағасы Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы алдын алу жүйесінің бір бөлігі ретінде бюджет қаражатының жұмсалуына бақылауда белсенді азаматтық қоғам құрудың маңыздылығын атап өтті. «Әрбір бюджеттік теңгенің жұмсалуына қоғамдық бақылауды қамтамасыз ете отырып, біз мемлекеттік ақшаны теріс пайдалану мүмкіндігін едәуір тарылтамыз», - деді ол.
Оның айтуынша, «Ашық бюджет» жобасы азаматтардың қаржылық сауаттылығын, олардың сандық білімін одан әрі арттырудағы маңызды
қадам болады.
Өз кезегінде, Қор Президенті Зәуреш Батталова бүгінгі таңда бюджет қаражатының жұмсалуына мониторинг ұйымдастыру үшін 68 жауапты тұлға оқытылып жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар, елдің барлық өңірлерінде жұмыс топтары құрылып, кәсіби қаржыгерлер бекітіледі, олардың негізгі міндеті азаматтарға олардың қаржылық сауаттылығын арттыру үшін кеңес беру болмақ.
Елші А.Карстенс қоғаммен, Парламент депутаттарымен және мемлекеттік органдармен сындарлы диалогқа баса назар аудара отырып, Қазақстанда жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа оң баға берді.
Агенттіктің шақыруымен жобаны қоғамдық негізде «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев басқарды, ол қабылданған шараларды сыртқы бағалауға, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға және үйретуге бағытталған «Ашық бюджет» өңірлік клубтарды құруды ұсынды.
Жобаны іске асыру барысында бей-жай қарамайтын азаматтар бюджет қаражатын тиімсіз және мақсатсыз пайдаланудың алдын алу мақсатында қоғамдық сараптама жүргізу мүмкіндігіне ие болады.
14 қыркүйек 2020 ж. 508 0