Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дүниежүзілік банк Қазақстанға қатысты болжамын өзгертті

Дүниежүзілік банк Қазақстанға қатысты болжамын өзгертті

Қазақстан экономикасы жыл соңына дейін 2,5%-ға қысқарады. Бұл туралы Дүниежүзілік банктің Еуропа мен Азия бо­йынша экономикалық шолуында айтылды.
Халықаралық қаржы институты маусым айында Қазақстанның ІЖӨ биыл 3%-ға қысқарады деп болжағаны есімізде. Бұл байламды қайта қарас­тырған ұйым сарапшылары оны біршама жақсарт­қаны байқалады. Банк экономистерінің пікіріне сенсек, 2020 жылы айтарлықтай салықтық және басқа да жеңілдіктерге қарамастан республикада эконо­микалық белсенділіктің күрт төмендеуі және жұмыс­сыздық пен кедейліктің өсуі орын алуы мүмкін.
2021 жылы ІЖӨ өсімі 2-3% шегіндегі деңгейге дейін қалпына келуі, сондай-ақ кедейшілік деңгейі біртіндеп төмендеген жағдайда ғана тек 2022 жылға қарай пандемияға дейінгі ахуалға оралуы мүмкін деп нақтылады ұйым сарапшылары.
Инфляциялық қысым осы жылы сақталып, тек 2021 жы­лы біртіндеп төмендейді деп болжануда және Ұлт­тық банкт­ің мақсатты диапазонынан жоғары қала бермек.
Төлем балансының ағымдағы шоты 2020 жылдағы дефицитпен пара-пар келуі ықтимал. Өйткені ОПЕК + келісімі өз күшін сақтап қалғанын ескерсек, импорт қалпына енді келе бастайды. Сонымен бірге сыртқы төлем балансы қысымының азаюы экспорт пен мұнай бағасының біртіндеп жақсаруы мен фискалды ынталандырулардың әлсіреуіне тәуелді.
Дүниежүзілік банк мамандары Қазақстан Үкіметі 2021 жы­лы бюджет тапшылығын қысқартуды көздеп отыр­ға­нын еске салды. Қаржы ұйымы келесі жылы мұ­най тап­шы­лығынан тыс ІЖӨ көрсеткіші ағымдағы 15%-дан шамамен 9%-ға дейін төмендейді деп бағамдаса керек. Бі­рақ орта мерзімді мақсаттағы 6%-дан жоғары болады.
Биыл мемлекеттік қарыз 2019 жылдағы 20%-дан шамамен 26,6%-ға дейін ұлғаюы мүмкін. 2021 жылы оның мөлшері 30%-ға жетуі ғажап емес. Есепте көрсетілгендей, бұл сандар қалыпты және Үкімет қарыздың осындай көлемін өтеуге қауқарлы.
Дүниежүзілік банктің болжамына сәйкес, Орталық Азия елдерінің экономикасы осы жылы 1,7%-ға қысқарады. Бұл былтырғы өсу қарқынымен салыстырғанда өңір үшін қауіпті құлдыраумен тең.
Биыл Қырғызстанда өсу қарқыны 5,5%-ға төмендеуі мүмкін. Тәжікстан мен Өзбекстан рецес­сия­­дан құтыла алғанымен олардың ІЖӨ-нің өсу болжамы көңіл көншітерліктей емес. Мысалы, Тәжікстанда – 1,6%, Өзбекстанда – 0,6%. Сәйкесінше, 2019 жылы оның деңгейі 7,5% және 5,6% межесінде болған-ды.
Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиев 8 шілдеде Үкімет 2020 жылды оң экономикалық өсіммен аяқтауға үмітті екенін хабарлаған еді. Алайда әлемдік қаржы институттары биылғы тоқсанның қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасын құлдырау күтіп тұр деп есептейді.
egemen.kz
09 қазан 2020 ж. 515 0