Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Асыраушы саланың әлеуеті бар

Асыраушы саланың әлеуеті бар

Covid-19 пандемиясы Қазақстан экономикасына едәуір әсерін тигізді. Оның салдарынан елімізде мыңдаған кәсіпкерлік субъектісі өз қызметін тоқтатты. Сауда, транспорт, басқа да қызмет түрлері біршама зардап шекті Қуанарлығы, короновирус пандемиясынан туындаған дағдарысқа қарамастан, агроөнеркәсіп кешені саласында жағдай тұрақты болды.
         Ал, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа арнаған жолдауында еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Ауыл-аймақтағы мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларды қолдаудың маңыздылығына мән беріп, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін "арзан несиенің" болмауы және шикізат өндірумен ғана шектелу сынды өзекті мәселелерді шешу қажеттігін нақты айтты.
         Қазіргі уақытта мал шаруашылығы еліміздің ауыл шаруашылығы өнімін өсіруші драйверіне айналып отыр. Әрине, мұндай көрсеткіштерге мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау нәтижесінде, яғни агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында қол жеткізілуде. Еліміздің жалпы ішкі өнімінің 45 пайызы ауыл шаруашылығындағы мал шаруашылығына келеді. Сол себепті етті мемлекеттің мұнай, газ сияқты артықшылығына жатқызуға болады. Оған өзге елден келіп жатқан сұраныс куә бола алады. Бүгінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдері 72 елге экспортталады.
         Ал, өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемінде мал шаруашылығының үлесі шамамен 40% құрайды. облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ш. Қойшыбаевтың айтуынша, облыста 352,6 мың мүйізді ірі қара, 761,9 мың қой мен ешкі, 153,8 мың жылқы, 53,2 мың түйе және 124,8 мың құс тіркелген. Сондай-ақ асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, өнімділік пен өнім сапасын арттыруды субсидиялауға биыл жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, қазіргі кезге дейін 700-ден астам шаруашылыққа тиісті субсидия төленген. Бордақылау алаңының саны да арта түскен. Қазіргі уақытта аграрлық саланы дамыту мақсатында мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша 33 жоба іске асырылуда. Оның сүт-тауар фермасы, жылына 5 мың тонна ет өндіре алатын комбинат салу жоспарланған. Оған қоса жылына 130 тонна түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін және пастерленген сүт өнімдерін өндіру секілді өзге де жобалар бар.
            Саланың аудандағы жайына келсек, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102,0 пайызға артығымен орындалған. Атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы М.Садуақасов:
         - Аудандағы барлық нысандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарында 51851 бас мүйізді ірі  қара, 97566 бас қой мен ешкі, 36434 бас жылқы, 31112 бас түйе және 2917 бас құс (тауық) бар. Биылғы жылы аудан бойынша шаруашылықтарға 31 миллион 720 мың теңге көлемінде субсидия төленді. Сонымен бірге "Сыбаға" бағдарламасы аясында ауданға 5000 бас қой сатыпалу тапсырмасы жүктелген болатын. Қазіргі таңда «Арал-Ырысы» Кредиттік серіктестігі» арқылы Жақсықылыш кентінен 1 шаруашылық 140 бас қой алуға өтінім тапсырып, несие алды. Бұдан бөлек Жақсықылыш кентінен 1 және Арал қаласынан 1 шаруашылық барлығы 600 бас асыл тұқымды қой сатып алуға құжаттарын әзірлеуде. Ал, "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасыбойынша Ақирек ауылдық округіндегі «Мұра» шаруа қожалығы  «Аграрлық несие коорпорациясы» АҚ-ның Қызылорда облысы бойынша филиалынан несие алып, 43 бас жылқы малын сатып алды. 10 айдың қорытындысымен ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 8 млрд.176 млн. теңге болып, облыс аудандары ішінде 3 орында тұрмыз, - дейді.
         Асыраушы саладағы көрсеткіштердің артуы халық тұрмысының жайлы болуына да көмегін тигізеді. Ал, төрт түліктің қадірін пандемия кезінде ерекше білгеніміз тағы рас. Қазақ тағамтану Академиясының ректоры, академик Т.Шармановтың ұлттық тағамдарды ұдайы тұтыну жөніндегі айтып жүрген тұжырымдарының пайдасы мол екендігі де мойындалды.
Ғалымдар мен дәрігерлер коронавирус ағзаға ауыр соққы болғандықтан, қайта қалпына келуге қымыз бен шұбаттың көмектесетіндігін, ең пайдалысы – қой етi мен оның сорпасы екендігін де айтты. Ауырған жандардың барлығы ет жеп, қымыз бен шұбат ішіп күш жиды. Аралдың шұбаты мен еті еліміздің өзге өңірлеріне де жөнелтіліп, жақындарымыздың денсаулығына шипа болды.
         Экономикадағы жетекші сала мал шаруашылығының дамуына қолдау жасау, ауыл-аймақтағы сала шаруашылығымен айналысатын шаруалардың мәселесіне көңіл бөлу қашанда Үкімет назарында.
Лаура Иманбайқызы           .
24 қараша 2020 ж. 540 0