Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Банктің «қара тізіміне» кірген адамдар оңалтылады: Сарапшы мән-жайды түсіндірді

Банктің «қара тізіміне» кірген адамдар оңалтылады: Сарапшы мән-жайды түсіндірді

Жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады. Кездесу кезінде қарызға батқан жеке тұлғаларды оңалту, кредиттер бойынша сыйақының шекті мөлшерлемесін реттеу және проблемалық қарыздардың сотқа дейінгі тәртібін күшейту жайында айтылды. Осының барлығы биыл енгізіледі деген жоспар бар. Осы орайда сарапшылар банктің «қара тізіміне» кірген адамдарды оңалту тетіктері қалай іске асатынын айтты деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қаржыгер Расул Рысмамбетовтың ойынша, қарызға батқан жеке тұлғаларды оңалту аясында көптен бері талқыланып жатқан «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң қабылдануы мүмкін. «Ақыры осы заңды қабылдау жайында айтылған сияқты. Меніңше, «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң сөз болды. Оны талқылап жатқанымызға біраз уақыт болды. Бірақ осы құжат ылғи бір кедергілерге тап болып жатады. Шамасы, біреулер оның қабылданғанын қаламайтын сияқты», – дейді Рысмамбетов.

Сарапшы кредиттер бойынша сыйақының шекті мөлшерлемесін реттеу тетіктеріне де тоқталды. Соның аясында қаржы ұйымдарына ортақ жылдық тиімді мөлшерлеме реттелуі мүмкін. «Жаңылмасам, қазір бізде банктер мен шағын қаржы ұйымдары үшін жылдық тиімді мөлшерлеменің көлемі 56 процентті құрайды. Негізі банктерде оның мөлшері төмен болуы керек. Білуімше, кейбір банктер осыны барынша пайдаланып, сан алуан схемалар арқылы мөлшерлемені 40 пайызға дейін апарады», – дейді Рысмамбетов. Ал проблемалық қарыздардың сотқа дейінгі тәртібін күшейткеннен кейін осы санаттағы кредиттер бірден коллекторларға берілмеуі мүмкін. Алдымен банктер барынша өздері шешуге тырысады. Содан кейін ғана коллекторлық компанияларға сатуы мүмкін. «Әйтпесе, қазір банктер проблемалық кредиттерді бірден қысым жасайтындарға бере салады. Олар адамға қайта-қайта телефон шалып, қарызды қайтаруды талап етеді. Достарына, таныстарына, туған-туыстарына айтады. Меніңше, ол дұрыс емес. Сондықтан алдағы өзгерістер аясында банктер алдымен өздері қарызды қайтаруға міндетті болады, содан кейін ғана «ақпараттық рэкетирлерге» беруге рұқсат алады», – деп атап өтті Рысмамбетов.

aqmeshit-zhastary.kz
15 ақпан 2021 ж. 434 0