Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ет неге қымбат?!

Ет неге қымбат?!

Ауыл шаруашылығы тәп-тәуір дамыған өңір­де төрт түлік малдың басы жылдан-жыл­ға өсіп келе жатқанымен, еттің бағасы кү­йіп тұр. Қымбатшылықтың орын алуына не себеп?

Шынтуайтында, мал басы баршылық. Айталық, әрқилы меншіктегі қара мал 520 мың, жылқы 212 мың, қой мен ешкі 610 мың басқа жетті. Осыншама мал бола тұра нарықтағы мал өнімдерінің, оның ішінде еттің бағасы соңғы жылдары күннен-күнге қымбаттай түсуде. Қара мал етінің әр келісі 1700-2200 теңгенің аралығында, жылқы етінің келісі – 2000-2300 теңге шамасында. Бүгінгі күні әсіресе, қала тұрғындарын толғандырып отырған осы сауалдың себебі неде?!

Алдымен мамандандырылған мал бордақылау алаңдары туралы кеңірек айтқанымыз дұрыс болатын шығар. Ет өнімдерінің негізгі бөлігі де осында өндіріледі. Бүгінгі күні облыста 8 ірі бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. 36,5 мың бас ірі қара бордақылауға қойылған. Жекеменшіктің бағымындағы қыруар мал да ретіне орай семіртіліп сатылуда. Ендеше, неге қып-қызыл бәсекелестік пайда болып, аспандап кеткен ет бағасы төмендемейді. Өнімін өткізуге әркім де ықыласты болуы керек қой. Тез өтіп кету үшін бағаның төмен болғаны жөн. Әйтсе де баға нарық саясатына қарама-қарсы бағытта өрлеп бара жатыр. Осы арада бірінші себеп, тұтынушы мен малды тірідей алатындардың көптігі. Облыс Нұр-Сұлтан қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету белдеуінде болғандықтан, тұты­ну­шы­ның дені сонда. Ет бизнесінің жілігін шағып, майын ішкен мамандардың айтуына қарағанда, бағаны көтерудің бірінші себебі осы. Ал тірідей сатылатын малдың бағасын өсіруге өзбекстандық алармандар себепші.

– Егер ет күйінде өтсе, экспортқа шығаратын өнім көлемі молаяр еді, – дейді облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлі­мі­нің меңгерушісі Қайрат Көшенов, – ал малдың тірі күйінде шетке шығарылуы құптарлық шаруа емес.

Алаңдардың толмай тұруының тағы бір себебі бар. Малсақ қауымның бағымындағы мал тұқымы азып кетті. Біздің ойымызша бұл кемшілікті былай жоюға болар еді. Егер бордақылау алаңдары асыл тұқымды бұқаларды сатып алып, маңайындағы ауылдардың табындарына қосса, елдің қолындағы тұқымы азғана қара малдың сапасы көп-көрім жақсарып қалар еді. Ауыл тұрғындарының өздері бас біріктіріп, асыл тұқымды бұқа сатып алуға қауқарлары жетпей отыр. Тығырықтан шығатын бір жол осы. Бордақылау алаңдары ауылдағы малсақ қауыммен біз табынға бұқа қосып отырмыз, сондықтан төлін бізге сатасың деп шарт жасауларына да болады. Бұл екі жаққа да тиімді болар еді.

Бұрын жеке шаруа бордақылау алаңына тірідей салмағы 200 килолық өгізшесін тапсырса, әр килосы үшін 200 теңгеден субсидия алатын. Бордақылау алаңына тапсырған малдың әр килосына 800 теңгеден ақы төленеді. Енді есептеп көріңіз, мал сүмесімен күн көріп отырған адам тапсырған малынан тірідей салмағының әр килосы үшін 1000 теңгеден табыс тауып отыр. Қара мал тірідей салмақтың 50 пайызына жуық ет береді. Әр кило еттің құны субсидияны қосып есептегенде, 2000 теңгеге жақын бағаланады. Жап-жақсы табыс емес пе? Ал қазір саудасы оңғарылып тұрған алыпсатарлар болса ет күйінде 1500-1600 теңгеден алады. Қайсысы ұтымды? Әрине, бордақылау алаңына тапсырған ұтады. Бір өкініштісі, бордақылау алаңына бұрын әр кило ет үшін төленетін 200 теңге субсидия үстіміздегі жылдан бастап төленбейтін болыпты. Бұл арадағы есеп былай, алаңға шаруадан алынған малдың тірідей салмағы 200 кило делік. Оны алаң 4-5 айдың ішінде кемінде 400 килоға жет­кізуі керек. Аралықтағы 200 килоға төленетін 40 мың теңге субсидия енді төленбей отыр. Бұл жай тәп-тәуір шаруаны қожыратып жіберуі де мүмкін.

Алаңды толтырудың екі-ақ тәсілі бар. Бірін­ш­і­сі, күні бұрын келісім-шарт жасау, екіншісі ұтымды бағамен қызықтыру. Бірақ бордақылау алаң­дарының саны аз. Әрі ел іші бұл жерге мал тап­сырудың ұтымды екендігінен құлақтана қоймаған.

Жақсылық көрмей отырған түліктің бірі – жыл­қы. Қара малдай емес, жылқы етіне субсидия қарастырылмаған. Тек асыл тұқымды айғыр сатып алсаңыз ғана, 100 мың теңге көлемінде субсидия төленеді. Бірақ асыл тұқымды айғырдың құны 700-800 мың теңге көлемінде. Тым қымбат. Ауылдағы шаруаның төрт түліктің төресі – жылқы бағудағы, басын көбейтудегі аяқтарын тұсап отырған жай осы. Қымызға субсидия төленгенімен, қолжетімді емес. Талабы тым қатал. Айталық, қымыз ашытатын цехтар ұйымдастырылып, бие сүті сүт күйінде әлгі цехқа тапсырылуы керек. Бірақ ондай цех некен-саяқ. Сондықтан жеке шаруа бұл орайдағы субсидияның игілігін көре алмай отыр.

Ет бағасын төмендетудің жолы – бәсекелестікті да­мыту. Бәсекелестік болуы үшін алдымен қолың­да­ғы малдың тұқымы жақсы, өнімі сапалы бол­уы шарт. Ендігі орайда малсақ қауым бетін осы бағытқа түзесе, шаруасы оңынан оңғарылар еді.
egemen.kz
06 мамыр 2021 ж. 435 0