Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Өзім көп жемеймін": Министр ет бағасының қымбаттауына қатысты пікір білдірді

"Өзім көп жемеймін": Министр ет бағасының қымбаттауына қатысты пікір білдірді

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров бағасы арзан етті қайдан сатып алатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

Төменде министр мен журналистердің диалогын ұсынамыз.
- Етті қайдан сатып аласыз?
- Коммуналдық базардан сатып аламын. 
- Нарықтағы еттің бағасы қолжетімді ме?
- Еттің бағасы қымбат деп айтып жатқан піріклердің бәрін тыңдадық. Оның бағасы мал азығы секілді көп нәрседен тұрады. Ол азықты алу үшін техникамен жинау керек. Бәрі өсіп жатыр. Соның бәрі еттің соңғы бағасының қымбаттауына әкеледі. Елдегі мал санын арттырып, мал өндірушілер арасында бәсекелестікті арттырсақ, сол кезде еттің бағасы төмендейді деп ойлаймын. Одан басқа да көптеген шешімін табуы тиіс сұрақтар бар. Ет өндірушімен ет сататын базарлар арасындағы делдалдардың көптігі мәселесін де шешу керек. Содан кейін негізгі ауыл шаруашылығы өнімдерін сататын үлкен дүкендерде кейде өзіміз шығарып жатқан өнімдерге орын жетпей жатады. Жетсе де, бағасы қымбат. Осы сұрақтардың бәрін шешкенде еттің бағасы төмендейді деп ойлаймын. 
- Сіз өзіңіз етке қанша ақша жұмсайсыз?
- Өзім тауықтың етін көбірек жеймін. Тауықтың еті қанша дегенмен басқа еттерге қарағанда жеңілдеу. Кейде сағынғанда жылқының етін не сиырдың етін жеймін.
- Етсіз тамақ іше аласыз ба?
- Мен өзім іше аламын. Етті көп жемеймін, шынымды айтсам. 
- Етті қайдан, қандай сомаға аласыз?
- Нарықта 1500 теңге, «Шапағат» базарында.
- Біз 1800 теңгеге алдық. 
- Білмеймін. Ендеше олар мені танитын шығар (күлді- авт). Әр жексенбі сайын «Шапағаттан» 1500 теңгеге аламын. Қымбаттау болған жоқ. Әр тауардың бағасы оның сапасына байланысты. Мүмкін сіздер жоғары сапалы өнімді сатып алатын шығарсыздар.
- Сонда сіз сапасы төмен өнім аласыз ба?
- Жоқ, маған мұндай «арандататын» сұрақтар қоюдың қажеті жоқ. Мен өзіме ұнайтын жақсы етті сатып аламын. Мүмкін, сіздердің қажеттіліктеріңізге орай жоғары сапалы етті алатын шығарсыздар. Сол кезде 1800 теңгеге алуға болады. Ал мен 1500 теңгеге аламын.
http://stan.kz/
24 мамыр 2019 ж. 778 0