Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Президент тапсырмасы: Несиесін төлей алмағандарға қандай жеңілдік жасалады?

Президент тапсырмасы: Несиесін төлей алмағандарға қандай жеңілдік жасалады?

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы трагедияға қатысты пікір білдірді. Мемлекет басшысы бес бірдей адамды атып тастаған борышкердің әрекетін ақтауға болмайтынын баса айтты. Себебі ондай дау-дамайлар тек құқықтық тәртіппен ғана шешілуі қажет.
Алайда Тоқаев трагедияға себеп болған негізгі мәселелерді жан-жақты зерделеп, қажет болса, заңға өзгеріс енгізуді тапсырды. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген сарапшылар кредит беру жүйесін қалай өзгерту керектігін айтты.
Әлеуметтік осал топтардың соңғы баспанасы сатылмайды
Алматыдағы трагедиядан кейін қоғамда соңғы баспананы тәркілеп алу мәселесі кеңінен талқылана бастады. Себебі бұған дейін талай рет қайғылы оқиғалар болған. Біреулер жалғыз үйін бергісі келмей, өз-өзін өртесе, енді біреулер терезеден секіріп көз жұмған. Алматы тұрғыны болса, үйден шықпаймын деп, бес бірдей адамды атып тастады.
Жақында Алматы әкімдігінің бастамасымен арнайы меморандум рәсімделді. Оған қаржы нарығын қадағалау агенттігі, банктер мен қоғамдық ұйымдар қол қойды. Осы құжатқа сәйкес, ипотека алған әлеуметтік осал топтарды соңғы баспанасынан шығару және үйді сату шаралары тоқтатылады.
Қаржы нарығын дамыту және қадағалау агенттігінің бас маманы Дмитрий Ақмаевтың айтуынша, меморандум аясында банктер әлеуметтік осал топқа кіретін азаматтардың соңғы үйін сатпай, проблемалық қарызды өтеудің басқа жолдарын іздейтін болады.
«Соның ішінде қарызды қайта құрылымдау мен қайта қаржыландыру тетіктері қарастырылған. Бәлкім, адамның төмен табысын ескере отырып, қарызды төлеудің жаңа кестесі жасалатын болар. Бұдан бөлек, төлемді кейінге шегеру, проценттік мөлшерлемені төмендету, айыппұлдар мен өсімақыларды жою және тағы басқа шаралар бар. Банк осының бәрін істей алады. Біз рұқсат беріп отырмыз», – деді Ақмаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Меморандумның мерзімі – 12 ай. Құжат Қазақстан бойынша қолданылады. Бірақ бұл жерде маңызды бір мәселені ескеру керек. Меморандум – бұл тараптардың өз еркімен қолға алған бастамасы. Ол келісімшартқа да жатпайды. Ал әлеуметтік осал топқа кіретін азаматтардың соңғы баспанасын сатпау мәселесі заңмен реттелмеген.
Банк ЦентрКредитті жеңген адвокат не дейді?
Жақында адвокат Джохар Өтебеков Банк ЦентрКредитпен соттасып, Қарағанды қаласында тұратын зағип жанның соңғы баспанасын алып қалды. Оның айтуынша, егде жастағы Елена Васильевна банкке 43 миллион теңге қарыз болып қалған. БЦК оны 26 миллион теңгеге сатып алыпты. Ал кейуана оған тағы 17 миллион қарыз болып шықты.
Сот орындаушысы көзі көрмейтін әйелге үйдің сатылатыны жайында WhatsApp-пен хабарлама ғана жіберген. Аукционға банктен басқа ешкім қатыспаған. Осылайша зағип жанның соңғы баспанасы арзанға сатылып кете берген.
Сотта банктің әрекеті заңсыз деп танылды. Аукционның күші жойылды. Ал мүгедек әйелдің жалғыз баспанасын қайтаруға шешім шығарылды. Сосын қаржы нарығын дамыту және қадағалау агенттігі БЦК-ға қатысты шара қолдануға тиіс.
Авдокат Джохар Өтебеков алдымен кепілген қойылған мүлікті аукцион арқылы сату жүйесіне өзгеріс енгізу қажет деп санайды. Оның ойынша, сауда-саттыққа банктер, қарызды өндіріп алушылар және олармен байланысы бар адамдарды қатыстырмау қажет.
«Сосын аукцион арқылы сатылатын жылжымайтын мүліктің ең төменгі бағасы 50 проценттен 75-ке дейін көтерген дұрыс. Ал сауда-саттық туралы жарнаманы кеңінен тарату керек. Сонда бәсекелестік болады. Кепілде тұрған баспана тиімді бағаға сатылады», – деп атап өтті Өтебеков.
Заңгердің айтуынша, борышкердің кепілге қойған меншігін өз бетімен сату құқықтарын да кеңейткен жөн. Ол алдымен баспананы өзі сатып, қарызды жабуға тырысуы қажет. Оны істей алмаса ғана, аукцион өткізуге болады.
Халықтың табысын арттыру керек
Экономист Арман Байғанов адвокаттың пікірімен келісіп отыр. Шынымен де, кепілге қойылған мүліктің минималды бағасын көтеріп қойса, аукцион кезінде оны арзанға сатып жібере алмайды.
Ал сауда-саттықтан түскен ақшаның есебінен қарызды толығымен жабуға мүмкіндік бар. Осы орайда сарапшы тағы бір мәселені көтерді.
«Бізге жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қажет. Қазір қарыз болып қалған адамды банк мазалайды, артынан коллекторлар ізіне түседі. Ал жеке адам соттың шешімімен банкрот деп танылса, одан ақшаны талап етуге болмайды. Әрине, ондай шара борышкерді қиын жағдайдан шығару үшін қолданылады. Ол табысын реттеп алғаннан кейін қарызды қайтаруға міндетті», – деді Байғанов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Экономистің айтуынша, жеке тұлғалардың банкроттығы болса, барлық борышкер осы шараны жаппай қолдануы да мүмкін. Бірақ бұл жерде маңызды бір мәселені ұмытпау қажет. Жеке тұлға банкрот деп танылса, басқа банктен кредит ала алмайды. Жалпы, біраз қаржылық қызметтерден қағылады.
Ал қаржыгер Расул Рысмамбетов кредитті беру тәртібін реттей бергенше халықтың табысын арттыру қажет дейді. Сонда проблемалық қарыздар да азаяды.
«Банктерді кінәлағаннан не пайда? Иә, олардың кінәсі де бар. Бірақ Алматыдағы оқиғаны былай қойғанда жалпы проблемалық қарыздар мәселесі бұрыннан бар ғой. Адамдар кредитті не үшін алады? Бизнесті дамытуға немесе кедей болғаннан кейін қарызға кіреді. Меніңше халықтың табысын арттыру мәселесін ойлау қажет. Ал кедей халық барда бір нәрсені реттегеннен пайда шықпайтын сияқты. Өйткені адамдар бәрібір кредит алады. Банкке бармаса да, микроқаржы ұйымдарына барады. Ал қарызды қайтару уақыты келгенде тағы ақшасы болмай қалады. Содан ұрлыққа барады. Бұның барлығы ақшаның болмауынан ғой», – дейді Рысмамбетов.
Президент тапсырмасы
Жақында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кредиторлар мен борышкерлер арасындағы қарым-қатынасты, әсіресе, кепілген қойылған баспана мәселесін реттеуді тапсырды. Осы салада бірыңғай сот практикасы да болуы шарт.
Мемлекет басшысы үкімет, ұлттық банк, қаржы нарығын дамыту және қадағалау агенттігіне бір айдың ішінде тиісті ұсыныстарды әзірлеуге тапсырма берді. Сосын «қажет болған жағдайда» заңға өзгеріс енгізілуге тиіс.
«Ондай қажеттілік бар деп ойлаймын. Бірақ мамандар осы проблеманы тағы зерделеп шығуы қажет. Ал үкімет барлық өзгерісті мұқият қарап, қоғам талқысынан өткізуге тиіс. Осы түзетулер келесі жылдан бастап күшіне енуі шарт», – деді Тоқаев.Қаржы нарығын дамыту және қадағалау агенттігінің бас маманы Дмитрий Ақмаевтың айтуынша, президент тапсырмасы аясында арнайы заң жобасы әзірленуі керек.
«Президент тапсырма берді ғой. Ал мемлекет басшысының тапсырмасы орындалуы қажет. Сондықтан банктен кредит алатын адамдардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруге арналған өзгерістердің саны көп болмаса да, бәрібір дайындалады. Соның негізінде заң жобасы әзірленеді», – деп түйіндеді Ақмаев.
Осы орайда агенттік өкілі әрбір заң жобасының алдымен «Ашық НҚА» порталына қоғамдық тақылауға шығарылатынын еске салды. Сол жерде кез келген адам өз ұсынысын қалдыра алады.

syrboyi.kz
11 қазан 2021 ж. 2 546 0