Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық банк басшысы ел экономикасының биылғы өсіміне болжам жасады

Ұлттық банк басшысы ел экономикасының биылғы өсіміне болжам жасады

Ұлттық банк ел экономикасының биылғы өсімін 3,9-4,2 пайыз деңгейінде болжайды. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Халықаралық валюта қорының бағалауы бойынша, 2021 жылы жаһандық ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны 40 жылдан астам уақыт ішінде ең жылдам болып, 5,9 пайызды құрады. 2022 жылы экономиканың қалпына келуі жалғасады. Бірақ өсу қарқыны төмендеп, Халықаралық валюта қорының болжамдары бойынша 4,4 пайызды құрайды. Халықаралық ұйымдардың бағалауы бойынша, Қазақстан экономикасы 2022 жылы 3,7-4,0 пайызға өседі, Ұлттық банк оны 3,9-4,2 пайыз деңгейінде болжап отыр», деді ол.

Ұлттық банк төрағасының атап өтуінше, шамадан тыс сұраныс тудырған әлемдік экономиканың тез қалпына келуі аясында 2021 жылы шикізат, материалдар мен азық-түлік бағасы ең жоғары деңгейге жетті. Бұл энергетикалық дағдарыспен бірге әлемнің көптеген елдерінде рекордтық инфляцияға алып келді.

«Халықаралық ұйымдар қысқа мерзімді кезеңде дисбаланстар аяқталса, 2022 жылдың ортасына таман бағаның тұрақтануын болжауда. Тауар жеткізудегі барынша ұзақ тоқтап қалулар және шикізат пен азық-түлік бағасының өсуі жалғасса, инфляцияның тұрақтануына ұзақ уақыт керек болады. Үдеп келе жатқан инфляциялық қысымды тежеу аясында орталық банктер ақша-кредит талаптарын күшейте бастады. Ол 2022 жылы белсенді түрде жалғасатын болады және қазірдің өзінде нарықтарға қысым көрсетуде. Сыртқы және ішкі инфляциялық қысымның күшеюі кезінде Ұлттық банк 2021 жылдың ортасынан бастап базалық ставканы үш рет 9,75 пайызға дейін 75 базалық тармаққа өсірді», деді Ғалымжан Пірматов.
08 ақпан 2022 ж. 2 038 0