Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр өңірінде жаңа магистральды жол ашылды

Сыр өңірінде жаңа магистральды жол ашылды

Бүгін Халықаралық балаларды қорғау күнінде Қызылорда қаласындағы Тәуелсіздік даңғылының жалғасы саналатын, шағын аудандарының арасын қосатын жаңа магистральды жол ашылды.
Мерекелік іс-шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала тұрғындарын жаңа жолдың ашылуымен құттықтап, игі тілегін арнады.
«Адам мен адамды бауырластырып, ел мен елді жақындастыратын жайлы жолдың жайы қай кезеңде де халық үшін маңызы аса зор.
Бүгінгі күні қаламыз қарқынды дамып, аумағы кеңейіп, халқының саны да артып келеді. Жаңадан шағын аудандар бой көтеріп, зәулім ғимараттар салынуда. Осы ретте, тұрғындар үшін жүріп-тұруға қолайлы жағдай жасау, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – алдымыздағы басты міндеттердің бірі. Шын мәнінде, жол қатынасы – бұл ең үлкен өмірлік қажеттілік деуге болады. Ендеше, жол құрылысын жүргізген мамандарға алғыс айтамыз, оның игілігін ел көруді нәсіп етсін!», – деді облыс әкімі.
Жиында еңбек ардагері, «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» Жарылқасын Шәріпов сырбойылықтарды қуанышымен құттықтап, ақ батасын берді.
Ұзындығы 4,6 шақырымды құрайтын жаңа жол арқылы жол-көлік инфрақұрылымының сапасы жақсарады.
Жаңа нысанның лентасын салтанатты түрде кесу рәсімінен кейін Мемлекеттік тумен көмкерілген 30 автокөлік патриоттық автошеру өткізді.
Айта кетейік, биыл облыста көлік жолдарын дамытуға 20 млрд.теңге көлемінде қаржы бөлінеді деп күтілуде. Бұл қаржыға ұзындығы 342 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары мен көпір өткелдері және көшелер жөндеуден өткізіледі. Нәтижесінде, облыс аумағында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін 82%-ға жетеді.

kyzylorda-news.kz
01 маусым 2022 ж. 1 770 0