Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ресей экономикасы дағдарыстан көз ашпай отыр

Ресей экономикасы дағдарыстан көз ашпай отыр

Ресейді алдыңғы қатарлы ғылым мен технологиялардың жетістігінен алшақтату ол елдің әлеуетін шектеп, экономикасының қарапайымдалуына алып келеді. Бұл туралы белгілі экономист Жақсыбек Құлекеев ел газетіне берген эксклюзивті сұхбатында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Ресей экономикасы дағдарыстан көз ашпайтыны белгілі болып отыр. Себебі алдағы жылдарда бұл елде ғылымның соңғы жетістіктеріне негізделген күрделі озық технологиялар шығару қиынға түседі. Өйткені бүгінгі озық технологиялар – әлем ғалымдарының ортақ жетістіктерінің нәтижесі. Ресейді алдыңғы қатарлы ғылым мен технологиялардың жетістігінен алшақтату ол елдің әлеуетін шектеп, экономикасының қарапайымдалуына алып келеді. Мысалы, бұл ел қазірдің өзінде LADA Granta-ны шығаруда отыз жылға кейін кетіп қалды. Аталған көліктің қозғалтқышы – 1990-жылдардың өнімі. Мұнда ABS жүйесі, қауіпсіздік жастықшасы, инжектор деген игіліктер жоқ. Шанағы бұрынғы LADA Granta-ға ұқсас болғанымен, ішкі дүниесі түгел ескі. Сондықтан ендігі жерде Ресей өндіретін көліктер еуро стандарттарға сәйкес келмеуі мүмкін. Бұл бір ғана мысал», деді экономист.

Жақсыбек Құлекеев Ресей экономикасының кез келген саласында осындай тенденциялардың орын ала бергені бір жағынан Қазақстанға тиімді екенін айтты.

«Ресей – 140 миллионнан астам халқы бар үлкен нарық. Демек халық тұтынуды тоқтатпайды. Ресейдің ең жақын шекаралас мемлекеті біз болған соң олардың Қазақстаннан жақсы тауарларды сатып алуы тоқтамайды. Қазақстан ендігі жерде өндірісті ішкі нарық үшін ғана емес, көршілес Ресейдің нарығына да бейімдей отырып ұйымдастыруы керек. Қазірдің өзінде Ресейден кеткен автомобиль шығаратын ірі компаниялар Қазақстанға келуді көздеп отыр. Осындай мүмкіндікті мейлінше дұрыс пайдаланған абзал. Бұл жерде сақтық жасап, санкцияға түсіп қалмау жағына қатты мән беру де маңызды», деп түйіндеді Жақсыбек Құлекеев.
14 шілде 2022 ж. 2 541 0