Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Медицина студенттерінің шәкіртақысы көбейеді

Медицина студенттерінің шәкіртақысы көбейеді

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылға дейін медициналық жоғары оқу орындары студенттерінің жыл сайынғы шәкіртақысы 20 пайызға дейін ұлғайтылмақ. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру мақсатында биыл республикалық бюджет есебінен резидентура гранттарының саны 2 500-ге дейін көбеймек.

Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар депар­та­­ментінің мәліметінше, былтыр респуб­ликалық бюджет есебінен 4 700 білім беру гранты бөлінсе, оның 1 500-і резидентура үшін бөлінді. 2022 жылдың шілдесінде бе­кітіл­ген медициналық білім беру­дің қабылданған мемле­кет­тік стандарты 2023 жылдан бастап дәрігерлік кадрларды даярлаудың үздіксіз интеграция­ланған моделін енгізуге жол ашады. Бұл дәрігер­лер­ді даярлаудың жалпыға бірдей қабылданған халықаралық қағидат­та­рына сәйкес келеді. Сондай-ақ универ­ситеттерді өз клиникалық ба­­­за­ларымен қамтамасыз етуде 6 уни­вер­ситеттік аурухананың құрылыс жұмыстары басталғаны, денсаулық сақтауды дамытудың драйвері болуға мүмкіндік бермек.

«2025 жылға дейін шәкіртақыны жыл сайын 15%-20%-ға ұлғайту жоспарлануда. Бұл жақсы оқуға қосымша серпін береді және біздің жоғарғы оқу орындарына мықты талапкерлерді қосымша тартады», деді ведомствоның Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры Дәулет Алдынғұров.

Денсаулық сақтау министрлігі 2021 жылдан бастап өңірлердің өтінімдері негізінде резидентурада гранттарды бөлуді енгізген. Бұл денсаулық сақтау жүйесінің кадрлық саясатын сапалы жүргізуге серпін береді. Былтыр 8 ақпанда салалық біліктілік шеңбері бекітілсе, осы оқу жылынан бастап санитариялық-эпидемиологиялық қызмет маман­дарын даярлаудың 5 жылдық бағдар­ламасы енгізіліп отыр. Сондай-ақ 21 кәсіби стандартты әзірлеу бо­йынша жүргізілген жұмыстар да биыл жалғасын табады. Яғни 36 кәсі­би стандартты әзірлеу және өзек­тендіру жоспарлануда. Осы­лайша, министрлік медицина қыз­мет­кер­ле­рінің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Еліміздегі 9 облыстың деректері бойынша биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2 500-ге жуық дәрігерді, оның ішінде 43-і шетелде және 9 мыңнан астам мейіргерді оқыту жоспарланған. Ал медицина қызметкерлерінің кә­сіби жауапкершілігін сақтандыру бойынша әзірленген заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына енгізіліп, бүгінде сараптамалық қо­ғам­дастықтың талқылауына шыға­рыл­ған. Бұл жөнінде ведомствоның Кадр департаментінің басшысы, биыл аталған заң қабылданып, 270 мыңнан астам медицина қызметкері сақтандырылады деп күтілетінін, сондай-ақ келесі жылы маманның функ­ционалдық мүмкіндіктерін және кадр тапшылығы кезінде қосымша еңбек функцияларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін сертификаттау курс­тарының тізбесін кеңейтуде жос­­пар құрылып жатқанын жеткізді.

Айта кетелік, Германияның Ден­сау­лық сақтау саласы – Федералды дәрігер­лер палатасының вице-прези­денті Эллен Лундерсхаузеннің па­йым­­дауынша, кейінгі үш жылда Гер­манияда пандемия кезінде науқастардың 90 па­йы­зына тек амбу­латориялық-ем­ха­­налық көмек көр­сетілген. Сон­дай-ақ қазір елде басталған тұмау толқынының өзінде науқастарды емдейтін дәрігерлер тапшы. Расында, дағдарыс пен пандемия жалғыз біздің елге ғана емес, әлемге сабақ болды. Елімізде кәсіби дәрігерлердің тапшы екені де байқалды. Енді алдағы уақытта Президент тапсырмалары жоғарыда аталған жоспарлар аясында жүйелі орындалса, отандық медицинадағы өзекті мәселелер бірте-бірте оң шешім табары сөзсіз.

egemen.kz
10 қаңтар 2023 ж. 957 0