Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Биыл БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы мөлшері қандай?

Биыл БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы мөлшері қандай?

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетке шыққан зейнеткерлерге БЖЗҚ-дан бөлінетін төлемдер көлемі 5%-ға ұлғайды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қордан берілетін төлемдер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы № 1042 қаулысымен бекітілген әдістемеге сәйкес жүзеге асырылады.

БЖЗҚ баспасөз қызметі хабарлағандай, қолданыстағы Әдістемеге сай зейнетке шыққан азаматтарға берілетін төлемдер келесідей есептеледі: төлем ала бастайтын алғашқы жылы зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинақтарының 6,5% төлем мөлшерлемесіне көбейтіледі және 12-ге бөлінеді.

«Белгілі бір санаттағы алушылар, яғни мерзімсіз белгіленген 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істеген, жинақтары жиынтығында кемінде алпыс ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған адамдар үшін Әдістемеде ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшерін арттыратын түзету коэффициенттері көзделген. Жоғарыда көрсетілген шарттардың екеуін де қанағаттандыратын тұлғалар үшін, осы екі жағдайдағы неғұрлым жоғары мәнге ие түзету коэффициенті қолданылады», делінген БЖЗҚ хабарламасында.

Бұл ретте БЖЗҚ-дан ай сайынғы зейнетақы төлемі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің кемінде 70% мөлшерінде жүзеге асырылады. Айта кетсек, 2023 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейі – 40 567 теңгені құрайды. Тиісінше, жыл басынан бері БЖЗҚ-дан берілетін ең төменгі төлем мөлшері 8,5%-ға ұлғайып, 28 396,9 теңге (70% * 40 567) болды.

Келесі жылдары ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесі 5%-ға ұлғайып отырады.

«Егер өтініш берілген күнгі зейнетақы жинақтарының сомасы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда, бұл сома алушыға БЖЗҚ-дан бір рет, бірақ төленеді (2023 жылы біржолғы зейнетақы төлемінің мөлшері – 636 912 теңге = 12 * 53 076 теңге). БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін іске асырған тұлғаларға төлемдер зейнетақы төлемдері тағайындалған сәтте қолданыста болған Әдістеме бойынша есептеледі: жылдық зейнетақы төлемінің сомасы ең төменгі зейнетақының отыз еселенген ең жоғары мөлшері (2023 жылы – 1 592 280 теңге = 30*53 076 теңге) мен алушының тиісті жасындағы зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициентіне зейнетақы жинақтары сомасының көбейтіндісі ретінде есептелген шамалардан аспайды», делінген хабарламада.
12 қаңтар 2023 ж. 1 136 0