Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда жылдық инфляция 18,1%-ға дейін баяулады

Қазақстанда жылдық инфляция 18,1%-ға дейін баяулады

Қазақстанда Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен іс-шараларын жүзеге асыру нәтижесінде инфляция өсімі баяулады, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының төрағалығымен өтіп жатқан еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте бағаны тұрақтандыру Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың аса маңызды міндеттерінің бірі екені баса айтылды. Осыған байланысты Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асырып жатыр. Нәтижесінде биылғы наурыз айында жылдық инфляция 18,1%-ға дейін баяулады. Соңғы 4 аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша инфляция тіркелген жоқ.

«Біздің алдымызда биыл инфляцияны 2 есеге дейін төмендету міндеті тұр», деді Әлихан Смайылов.

Республикада Халықтың табысын арттыру бағдарламасы іске асырылу үстінде. Осы іс-шаралар аясында биыл 3 млн-нан астам адамның жалақысы өсті.

Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері уақтылы және толық көлемде орындалып келеді. Атап айтқанда, биылдан бастап 4,4 млн адамды жоғарылатылған әлеуметтік төлемдермен қамтуға 4,6 трлн теңге бөлінді. Ұлттық жобаларды іске асыру, жаңа өндірістер ашу, шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру есебінен 1 млн-ға жуық адам жұмыспен қамтылады.
19 сәуір 2023 ж. 583 0